"Қайрат" пен "Семейдің" ширек финалдағы қарсыластары анықталды
Никита Бассов
Футзалдан УЕФА Чемпиондар Лигасы биылғы маусымының ширек финалдағы жұптары белгілі болды. Биыл бұл сында екі қазақстандық ұжым - "Қайрат" пен "Семей" өнер көрсетеді, деп хабарлайды BasSport.kz тілшісі.
Алматылық ұжым ширек кезеңде испаниялық "Картахенамен" кездеседі. Испанияның бұл клубымен "Қайрат" былтыр "Төрттік финалда" ойнап, жеңіске жеткен.
"Семей" тарихында алғаш рет УЕФА Чемпиондар Лигасы ширек финалына шығып отыр. Абай өңірінің командасы бұл кезеңде франциялық "Этуальға" қарсы ойнайды. Топтық кезеңде екі ұжым кездесіп, онда "Семей" 3:0 есебімен алда бола тұра, қарсыласына жол берген - 3:4. Әрі "Семей" топтық кезеңде бірінші немесе екінші орынды иеленбей-ақ сегіздікке өткен жалғыз команда болып отыр.
Ширек финалдың алғашқы матчтары 23 ақпанда, ал қарымта ойындар 6 наурызда өтеді. Бұл кезеңнің тағы екі жұбында "Пальма" мен "Рига", "Бенфика" мен "Спортинг" кездеседі.