Дастан Сәтпаевтың командасы «Уотфордты» ойсырата жеңді

Дастан Сәтпаевтың командасы «Уотфордты» ойсырата жеңді
Футбол

«Бернли» футбол клубы

Қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаев өнер көрсететін «Бернли» Англия Чемпионшипіндегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды Bassport.kz Informsports.kz-ке сілтеме жасап. 

Англия Чемпионшипінің тоғызыншы турында «Бернли» сырт алаңда «Уотфордпен» кездесіп, қарсыласын 4:0 есебімен ойсырата жеңді. Қонақтар матчтың алғашқы таймында-ақ басымдықты өз қолына алды. 13-минутта Якуб Бруун Ларсен есеп ашса, араға алты минут салып Зеки Амдуни командасының екінші голын соқты. Ал 25-минутта Рео Хатате есепті 3:0-ге жеткізді. Екінші таймда да «Бернли» ойын тізгінін қарсыласына берген жоқ. 87-минутта Маркус Эдвардс бұрыштама добынан кейін мергендік танытып, кездесудің қорытынды есебін белгіледі – 4:0. Бұл матч қазақстандық футболшы Дастан Сәтпаев үшін де маңызды болды. Жарақатынан айыққан жас шабуылшы алаңға қайта оралып, ойынның 74-минутында алғашқы голдың авторы Якуб Бруун Ларсенді алмастырды. Осылайша, «Бернли» ұзаққа созылған жеңіссіз сериясын тоқтатып, биылғы Чемпионшип маусымындағы алғашқы жеңісін тіркеді. Тоғыз турдан кейін команда жеті ұпай жинап, турнирлік кестенің төменгі бөлігінде қалып отыр. «Бернли» келесі кездесуін 13 қазанда өз алаңында «Чарльтонға» қарсы өткізеді. Матч Қазақстан уақытымен сағат 23:45-те басталады.