ACA 210 турниріне қатысатын қазақстандық спортшылар белгілі болды

ACA 210 турниріне қатысатын қазақстандық спортшылар белгілі болды
Жекпе-жек

@aca_mma

Absolute Championship Akhmat (ACA) лигасының баспасөз қызметі 4 желтоқсан күні Бішкекте өтетін ACA 210 турниріне қатысатын қазақстандық спортшылардың тізімін ресми түрде жариялады. Қырғызстан жерінде алғаш рет ұйымдастырылып отырған бұл кеште еліміздің бес бірдей шебері сегізбұрышқа шығады, деп хабарлайды Bassport.kz.

Турнир аясында өнер көрсететін қазақстандық файтерлер мен олардың қарсыластары:

• Қайрат Ахметов (аса жеңіл салмақ) — жеңіліп көрмеген қырғызстандық Руслан Қасымалы уулумен кездеседі;

• Асылжан Бақытжанұлы (жартылай ауыр салмақ) — ресейлік Алексей Буторинмен реванш өткізеді;

• Олжас Есқараев (жеңіл салмақ) — қырғыз файтері Немат Абдрашитовпен күш сынасады;

• Айваз Айдинов (аса жеңіл салмақ) — жергілікті спортшы Азатбек Кочоровқа қарсы шығады;

• Серік Разғалиев — турнир кардында өнер көрсетеді.

«ACA 210 кардындағы қазақстандық файтерлер! 4 желтоқсан күні бұл спортшылар өз деңгейлерін дәлелдеп, маңызды жеңістерге қол жеткізу үшін Бішкек төріндегі торға шығады», — делінген промоушеннің хабарламасында.

Айта кетейік, кештің басты жекпе-жегінде жартылай орта салмақтағы чемпиондық белбеу үшін қырғызстандық Жақшылық Мырзабеков пен ресейлік Альберт Туменов қолғап түйістіреді.