Грек-рим: Дияр Аманәлі Бакудегі әлем чемпионатында алтын жүлдеге ие болды

Грек-рим: Дияр Аманәлі Бакудегі әлем чемпионатында алтын жүлдеге ие болды
Жекпе-жек

Әлемдік күрес қауымдастығы

Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының өкілі Дияр Аманәлі 17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатының алтын жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлайды Bassport.kz. 

Бакуде өтіп жатқан әлемдік додада 55 келіге дейінгі салмақта белдескен отандасымыз финалға дейін төрт қарсыласын жеңді. Атап айтқанда, Дияр алғашқы кездесуінде грекиялық балуан Николаос Зинисистен 8:0 есебімен басым түсіп, белдесуді мерзімінен бұрын аяқтады. Одан кейін Ресей өкілі Эдем Пайзиевті 3:1 есебімен жеңді. Ширек финалда грузиялық Гиорги Кеделидзеден 2:1 есебімен басым түссе, ал жартылай финалда болгариялық Данимир Йордановты 8:1 есебімен ұтып, алтын жүлде үшін күресуге мүмкіндік алды. 

Финалдық кезеңде Дияр Аманәлі Мажарстан өкілі Кеве Ковачпен кездесті. Белдесудегі алғашқы ұпайды сәтті шабуыл жасаған отандасымыз иеленді. Қарсыласы екінші кезеңде есепті теңестіргенімен, кездесу 1:1 нәтижесімен аяқталды. UWW ережесіне сәйкес, белдесудегі алғашқы ұпай өлшемі бойынша жеңіс қазақстандық балуанға берілді. Осылайша, Дияр Аманәлі Бакуде Қазақстанның көк туын биікке көтеріп, 17 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлем чемпионы атанды.