«Атырау» клубының бас директоры халықтан көмек сұрады

«Атырау» клубының бас директоры халықтан көмек сұрады
Футбол

Bel.Football

ҚПЛ-да өнер көрсететін «Атырау» футбол клубының бас директоры Дидар Сыдықбек клубтың қазіргі жағдайына байланысты қала тұрғындарына және жанашыр жанкүйерлерге үндеу жасады, деп хабарлайды Bassport.kz.

«Құрметті ағайын, кәсіпкерлер мен жанкүйерлер! Қазіргі таңда клуб қиын кезеңді бастан өткеріп жатыр. Легионерлерге қатысты жаңа талаптарға сәйкес, енді оларды бюджет есебінен қаржыландыруға тыйым салынды. Осы себепті біз олардың жолақысы мен тұру шығындарын да қамтамасыз ете алмай отырмыз.
Дәл қазір сіздердің қолдауларыңыз ауадай қажет. Егер футболға бейжай қарамайтын, «Атырау» клубына жанашыр азамат болсаңыз, біз сіздерді әріптес болуға шақырамыз.
Бұл жай ғана демеушілік емес — белгілі медиа тұлғалардың қатысуымен жарнамалық жобалар жасауға, сондай-ақ клубтың амбассадорлары арқылы қолдауға ие болуға мүмкіндік бар.
Егер сенімді инвесторлар табылса, клубтың базасы мен инфрақұрылымын жаңартып, балалар мен жастарға сапалы дайындық жағдайын қалыптастыра аламыз. Болашақ — өсіп келе жатқан ұрпақтың қолында.
Келіңіздер, «Атырауды» бірге көтерейік!», — деді Сыдықбек өзінің телеграм-арнасында.

Еске сала кетейік, «Атырау» клубы биылғы ҚПЛ маусымында 18 ойыннан кейін небәрі 8 ұпай жинап, турнир кестесінің соңғы — 14-орнында тұр.