Бауыржан Исламхан ресми түрде «Астана» сапына оралды

Бауыржан Исламхан ресми түрде «Астана» сапына оралды
Футбол

ҚФФ

Қазақстандық футболдың танымал өкілі Бауыржан Исламхан елордалық «Астана» клубымен келісімшартқа қол қойды, деп хабарлайды Bassport.kz клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Футболшының жаңа келісімі 2025 жылдың соңына дейін күшінде болады.

«Бауыржан қазіргі таңда өз бабында емес екенін жақсы түсінеміз. Ол жарақаттан кейін бұрынғы деңгейіне қайта келуі үшін уақыт қажет. Бұл – кез келген футболшының басынан өтуі мүмкін жағдай. Ұлттық құрама мен қазақ футболы үшін сіңірген еңбегін ескере отырып, біз оны толық қалпына келуіне көмектесу – дұрыс шешім деп санадық. Қазіргі сәтте ол команданың негізгі мақсаттарын шешуге тікелей көмектесе алмайды. Алайда біз оның жоғары деңгейдегі футболшы екенін білеміз және оған қайта күш жинауға мүмкіндік беруге дайынбыз», — деді Хамитжанов.

Айта кетейік, Исламхан бұған дейін 2013 жылы «Астанада» жалға алу негізінде жарты маусым ойнаған болатын (8 матч). Алайда ол ең үлкен жетістіктеріне алматылық «Қайрат» сапында жетті. Бұл клубта 224 матч өткізіп, 64 гол соғып, 59 нәтижелі пас берген. Сонымен қатар, Қазақстан құрамасы сапында 56 ойынға қатысып, 4 голдың авторы атанды.