Қазақстан футзалының жаңа басшысы Какамен кездесуден кейін мәлімдеме жасады

kff.kz
Қазақстан футзалы қауымдастығының жаңа президенті Нұрсұлтан Құрман ұлттық құраманың бас бапкері Рикардо Какамен жұмыс кездесуін өткізді, деп хабарлайды Bassport.kz.
Кездесуде тараптар 2026 жылғы Еуропа чемпионатына жолдама беретін плей-офф аясында Италияға қарсы өтетін екі ойынға дайындықты талқылады. Матчтар 18 қыркүйекте Фазано қаласында және 23 қыркүйекте Астанада өтеді.
Нұрсұлтан Құрманның айтуынша, қазір ұлттық құрамада буын алмасу кезеңі жүріп жатыр: жас ойыншылар жиі шақыртылып, тәжірибелі футзалшылардың саны азаюда. Бір кездері Димаш Сүлейменов пен Серік Жаманқұловпен қатар ойнаған Дәурен Тұрсағұлов пен Біржан Оразов бүгінде команданың көшбасшылары саналады.
Құрама жаңарып жатқанына қарамастан, федерация Қазақстанның Еуро-2026 финалдық кезеңіне шығуына сенімді. Рикардо Кака ірі турнирлердегі мол тәжірибесін пайдаланып, команда дайындығын аяқтап, Италияға қарсы ойындарға арналған стратегияны пысықтап жатыр. Ал қауымдастық командаға қажетті барлық ресурсты беруге дайын.
Айта кетейік, плей-офф кезеңінде негізгі іріктеу раундында өз топтарында екінші орын алған сегіз команда төрт жолдаманы сарапқа салады. Еуропа чемпионатының финалы 2026 жылдың 20 қаңтары мен 7 ақпаны аралығында Словения, Латвия және Литвада өтеді.