Ислам Махачев кезекті жеңісіне қол жеткізіп, чемпиондық белбеуін сақтап қалды
Chris Unger/Zuffa LLC
Ислам Махачев UFC 330 турнирінің басты жекпе-жегінде ирландиялық Иэн Мачадо Гэрриді төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңді, деп хабарлайды Bassport.kz Informsports.kz-ке сілтеме жасап.
Осылайша ресейлік файтер жартылай орта салмақтағы чемпиондық белбеуін алғаш рет сәтті қорғады.
Филадельфияда өткен бес раундтық кездесу толық 25 минутқа созылды. Махачев жекпе-жектің басым бөлігінде күрес пен партердегі бақылауға сүйенді. Ал Гэрри чемпионның тейкдаундарына барынша қарсылық көрсетіп, жерде де жақсы қорғана білді. Екінші раундта Махачев сол аяқпен жасаған ауыр хай-кикпен қарсыласын есеңгіретіп, жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтауға жақын болды. Алайда Гэрри соққыға төтеп беріп, кездесуді жалғастырды. Ирландиялық спортшы партерде де бірнеше қауіпті жағдайдан шығып, Махачевке сабмишн жасауға мүмкіндік бермеді. Кейінгі раундтарда Махачев қарсыласын бірнеше рет жерге түсіріп, позициялық бақылауда басымдық танытты. Бесінші раундта ол Гэрридің арқасына шығып, тұншықтыру әдісін жасауға әрекеттенді. Ирландиялық файтер соңғы гонгқа дейін шыдағанымен, төрешілер жеңісті чемпионға берді. Қорытынды есеп – 49:46, 49:46 және 48:47.
Бұл Махачевтің UFC-дегі қатарынан 17-жеңісі болды. Сондай-ақ ол жартылай орта салмақта екінші рет жеңіске жетті. Махачев аталмыш дивизионның чемпиондық белбеуін 2025 жылдың қарашасында Джек Делла Маддаленаны төрешілер шешімімен жеңіп, иеленген еді.