Ляззат Жүсіпова WKF әлемдік рейтингінің көшін бастады
Ляззат Жүсіпова — Қазақстан Республикасының пара-каратэ бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бейімделген дене шынықтыру магистрі, Азияның бес дүркін чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері және 2026 жылдың қорытындысы бойынша Дүниежүзілік каратэ федерациясының (WKF) К10 санатындағы (көру қабілеті бұзылған және зағип әйелдер, «ката» бағдарламасы) әлемдік рейтингінің көшбасшысы. Ол «Елорда» мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының атынан өнер көрсетеді және өз санатындағы әлемдегі ең мықты пара-каратэшілердің бірі саналады, деп хабарлайды Bassport.kz.
Ляззаттың өмір жолы — қайсарлықтың, батылдықтың және мақсатқа адалдықтың жарқын үлгісі. 1989-2000 жылдар аралығында ол Целиноград қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленіп, сол жерде өз бетінше өмір сүруге, жауапкершілікке және кез келген қиындықты еңсеруге үйренді. Мектепті тәмамдаған соң Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетінде білім алды.
2010 жылы оның өмірі түбегейлі өзгерді. Ауыр жол-көлік оқиғасының салдарынан Ляззат көру қабілетінен айырылып, жамбас буынын эндопротездеу бойынша күрделі операциядан өтті. Алайда ауыр сынақтарға қарамастан, ол белсенді өмірден бас тартқан жоқ. Керісінше, спорт оған жаңа күш-қуаттың, тың мотивацияның және өмірді жаңадан бастауға деген сенімнің қайнар көзіне айналды.
2018 жылы Ляззат жеке бапкері Мейрамгүл Дукуеваның жетекшілігімен пара-каратэмен айналыса бастады. Кәсіби дайындықтың, орасан еңбекқорлықтың және күнделікті тынымсыз жаттығудың арқасында ол санаулы жылдың ішінде әлемдегі үздік спортшылар қатарына қосылды.
Спорттық шеберлігін ғана емес, кәсіби білімін де жетілдіруге ұмтылған Ляззат бейімделген дене шынықтыру саласында жоғары білім алды. 2022 жылдан бері Астанадағы «Елорда» спорт клубында жаттықтырушы болып еңбек етіп, мүмкіндігі шектеулі балаларға пара-каратэ үйретіп, олардың өз күшіне сенуіне көмектесіп келеді.
Халықаралық аренадағы жылдар ішінде Ляззат Жүсіпова жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Ол Азия чемпионатында бес мәрте (2022, 2023, 2024, 2025 және 2026 жылдары) топ жарды. 2024 жылы Ирландияда өткен Инклюзивті әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Ал 2025 жылы Мысырда өткен WKF пара-каратэ бойынша әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болып, қазақстандық пара-каратэ тарихында алғаш рет әлем чемпионатының жүлдегері атанды. Бұл медаль отандық пара-каратэ үшін тарихи жетістікке айналып, Қазақстан мектебінің әлемдік деңгейдегі жоғары әлеуетін дәлелдеді.
2025 жыл Ляззаттың өміріндегі тағы бір ерекше кезең болды. 43 жасында ол бала кезінде айырылып қалған екі өгей ағасы мен әпкесін көп жылдан кейін тауып, қайта қауышты. Бұл көптен күткен кездесу оның өміріндегі ең бақытты әрі әсерлі сәттердің біріне айналып, отбасы жылуын, қолдауын және бірліктің қадірін сезінуге мүмкіндік берді. Ляззаттың айтуынша, туғандарымен қауышу спорттық жетістіктерінен кем түспейтін маңызды оқиға болып, оған жаңа белестерді бағындыруға қосымша күш пен шабыт сыйлады.
2026 жылдың қорытындысы бойынша Ляззат Жүсіпова Дүниежүзілік каратэ федерациясының (WKF) әлемдік рейтингінде бірінші орынға көтеріліп, өз санатындағы әлемнің №1 спортшысы атанды. Бұл – тек оның жеке жетістігі ғана емес, сонымен қатар қазақстандық пара-каратэ үшін де тарихи оқиға.
Спорттық мансабымен қатар Ляззат Қазақстанда инклюзивті спортты дамытуға белсенді атсалысып келеді. Ол мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған шеберлік сабақтарын, оқу семинарларын және жаттығулар өткізеді. Өзінің өмірлік жолы арқылы адамдарды қиындықтан қорықпауға, биік мақсат қоюға және сол мақсатқа сеніммен ұмтылуға жігерлендіреді.
Ляззат Жүсіпова қазақстандық спортшылардың әлемдік деңгейдегі ең ірі жарыстарда ел намысын лайықты қорғауына мүмкіндік жасап отырған қолдауы үшін бас серіктес – «Самұрық-Қазына» АҚ-на және серіктес – «Sport Qory» корпоративтік қорына шынайы ризашылығын білдіреді. Бұл қолдау отандық спорттың дамуына серпін беріп, жоғары нәтижелерге жетуге жаңа мүмкіндіктер ашады.
Ляззат Жүсіпованың басты спорттық мақсаты – WKF пара-каратэ бойынша әлем чемпионы атану. Оның ең үлкен арманы – пара-каратэ Паралимпиада ойындарының бағдарламасына енген жағдайда Қазақстан Республикасының атынан қатысып, алтын медаль үшін күресу. Ол өзіне деген сенім, күнделікті қажырлы еңбек және таңдаған ісіне адалдық адамды спорттағы ең биік белестерге жеткізетініне кәміл сенеді.