#АуылФутболOpenCup: жас футболшылар республикалық турнирде бас қосты

#АуылФутболOpenCup: жас футболшылар республикалық турнирде бас қосты
Футбол

Наурыз мейрамы күндері #АуылФутбол жобасы өзінің екінші республикалық #АуылФутболOpenCup турнирін өткізіп, бапкерлер үш жас ерекшелігі бойынша командалар құрамын жасақтады, деп жазады BasSport.kz.

21-22 наурыз күндері Алматы облысының Абай облысында өткен жарыста 10 команда бақ сынады. Атап айтса, Алматы, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола мен Түркістан облыстарының жас футболшылары өзара мықтыны анықтады. Осы тұста айта кету керек, жарысқа қатысуға ниет білдірген кейбір өңірлердің командалары демеушінің жоқтығы мен қаржы тапшылығы салдарынан сайыстан тыс қалды. 

"Жарысқа Алматы облысынан төрт, Ақтөбеден үш, Ақмола, Қостанай мен Түркістан өңірлерінен бір командадан келіп, қатысты. Командалардың барлығы ауылдан, тіпті кейбірі еліміздің шалғай ауылдарынан. Әр ауылда демеуші табыла бермейді. оған қоса, барлық ата-ананың қаржы жағдайы баласының, команданың осындай жарыстарға қатысуына атсалысуға мүмкіндік бере бермейді", - дейді #АуылФутбол жобасының жетекшісі Серік Мәмбетов. 

Турнир ережесі бойынша командалар екі топқа бөлінді және өз тобында бірінші және екіші орын алған ұжымдар жартылай финалға жолдама алды. Жартылай финалға шыққан төрт команда ішінен ақтөбелік "Ақкөл" мен қостанайлық "Тағыл" үшінші орында сарапқа салса, "Spartans" пен "RedSapsans" Кубок үшін таласты. Ақтөбелік және қостанайлық командалардың теке-тіресінде "Ақкөл" үздік шығып, үшінші орынға ие болды. Тағы бір айта кететін жайт, жарыстың қола жүлдесі үшін сынға түскен қостанайлық "Тағылдың" көп бөлігін қыздар құрайды. Ал финалда Ақмола облысының футболшылары мықтырақ болып, "Spartans" турнир жеңімпазы атанды. 

Осы жарыста чемпион атанған командаға 300 000 теңге сыйақы берілді, сондай-ақ командалар грамота және медальдармен марапатталды. Сонымен қоса, турнирдің үздік ойыншылары анықталып, Қайсар Серікұлы ("RedSapsans") жарыстың үздік қақпашысы, Әділет Ибрагим (Spartans) үздік қорғаушысы, Ералы Құттыбай ("Ақкөл" ФК) үздік шабуылшысы атанды. 

Мақаланың басында жазғанымыздай, осы жарыста бапкерлер үш жас ерекшелігі бойынша #АуылФутбол комадаларының құрамын жасақтаған. 

"Әр құрамамен жобаның 2-3 бапкері жұмыс істейді. Жазда командалар ойыншыларына арнап футбол лагерін ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Ол жобаның осы жылдағы ең басты міндеті болмақ", - деді Серік Мәмбетов. 

Одан бөлек, жоба #АуылФутбол Лигасының төрт аймақтық және финалдық турнирін өткізуді жоспарлап отыр.