Допинг дауы: Игорь Сон сегіз жылға спорттан шеттетілді
Ауыр атлетикадағы допинг дауы тыйылар емес. Бұл жолы Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Игорь Сон сегіз жылға спорттан шеттетілді, деп хабарлайды Bassport.kz.
2022 жылдың 2 наурызында жарыстан тыс кезеңде алынған спортшының сынамасы оң нәтиже берген. Спортшының қанынан анаболикалық стероидтердің бірі болып табылатын метастерон табылды. Бұл отандасымыз үшін алғашқы жағдай емес. Бұған дейін 2015 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатынан кейін де допингпен ұсталып, дисквалификация алған болатын. Бірақ сол тұста мұндай препраттар ағзасына биоқосымшалар арқылы енгенін дәлелдеген.
Енді ол Токио Олимпиадасында алған медалінен айырылуы тиіс. Өйткені Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) ережесіне сәйкес,егер спортшы допингтік ережені қайталап бұзған болса, алған жүлдесін қайтарып береді.
Әдетте ХОК барлық апелляциялық шағымдар мен допингті бақылау хаттамалары аяқталғаннан кейін Олимпиадада көрсеткен нәтижесінің күшін жояды.
Былтыр 9 ақпан мен 2 наурыз аралығында Ұлттық допингке қарсы күрес орталығы жарыстан тыс допинг-бақылау аясында ауыр атлетикадан ҚР ұлттық құрама командасының спортшыларын тестілеуден өткізген. Сол кезде Игорь Соннан бөлек, Абылай Әуелханов, Юлия Потасова, Руфина Чалқарова, Алексей Дроздов, Матвей Макрушиндерден алынған сынама оң нәтиже көрсеткен еді.
Еске сала кетейік, Игорь Сон Токио Олимпиадасында 61 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Олимпиаданың қола жүлдегері атанған болатын.
Бұған дейін былтыр Ниджат Рахимов допингтің кесірінен Олимпиаданың алтын жүлдесінен айырылды. Сонымен қатар ол 8 жылға спорттан шеттетілді. Жалпы, 2008 жылдан бері допингпен ұсталған қазақстандық ауыр атлеттердің саны 50-ден асып кетті.
Жаңа заңға сәйкес заңсыз препараттарды қолданған спортшылармен бірге бапкерлер, жеке дәрігерлер, тіпті спорт функционерлері де жұмыстан шеттетіледі. Арнайы заң жобасында барлық әлеуметтік төлемдерді, сондай-ақ марапаттарды кері қайтару қарастырылған.
Айтпақшы, Игорьдің інісі БЦП-ға шалдыққан. Сондықтан ата-анасы бірнеше жылдан бері баласын Оңтүстік Кореяға апарып, емдетіп жүр. Сон Олимпиададан алған сыйақысын інісінің еміне беретінін айтқан болатын. Әрбір емі үшін орташа есеппен 500 доллар жұмсалады екен.