Жалғыз жолдама: Қазақстан жастар құрамасы топ-дивизионға қайта оралуға тырысады

Жалғыз жолдама: Қазақстан жастар құрамасы топ-дивизионға қайта оралуға тырысады
Хоккей

Словенияның Блед қаласында хоккейден жастар арасында І дивизионның А тобындағы әлем чемпионаты басталды. Былтыр әлемнің үздік он құрамасының қатарында өнер көрсеткен Қазақстан құрамасы биыл тағы да топ-дивизионға оралу үшін барын салады. 

Жастар арасындағы әлем чемпионатының элиталық дивизионында ересектермен салыстырғанда тек он құрама өнер көрсетеді. І дивизионның А тобындағы құрамалар да тек бір жолдамаға таласады. Биыл осы жалғыз жолдаманы Қазақстан жастар құрамасымен бірге, Австрия, Украина, Словения, Норвегия мен Франция сарапқа салады. 

Биыл Қазақстан жастар құрамасы чемпионатқа жаңа бас бапкер - Антон Васиннің жетекшілігімен аттанды. Оған Ринат Омарбеков көмектеседі. Ал қақпашылармен Алексей Плотников жұмыс істеп жатыр. 

Команда қараша айында оқу-жаттығу жиындарын кірісіп, Астанада "Номадқа" қарсы бірнеше жолдастық кездесу өткізіп, жеңіліс тапты. Әлем біріншілігіне дайындықтың келесі кезеңі жарыс өтетін ел - Словенияда жалғасып, онда хоккейшілеріміз екі жолдастық кездесу өткізді. Бірінші ойында Норвегиямен кездесіп, буллиттер сериясында жеңіліс таптық. Ал жарыс иелерімен өткен жолдастық матчта 6:3 есебімен сенімді жеңіске қол жеткіздік. Бұл ойында командамыздың үш бірдей ойыншысы - капитан Асанәли Сәркенов, шабуылшылар Тимур Миндубаев пен Роман Двуреченский дубль авторы атанды. 


Енді командамыздың құрамына тоқталсақ. Қорытынды тізімге 23 хоккейші енді, оның үшеуі қақпашы және жиырмасы - алаң ойыншысы. Он ойыншы - "Снежные Барсы" хоккейшілері. Атап айтсақ, үш қақпашының екеуі биылғы маусымда "Снежные Барсы" сапында өнер көрсетіп жүр. Ал Тәңірхан Алпысбаев Солтүстік Америкадағы лигалардың бірінде бақ сынайды.

Ел намысын қорғау үшін мұхит асып келген тек Тәңріхан Алпысбаев емес. Шабуылшыларымыз туған бауырлар Асанәли мен Әлішер Сәркеновтер, Абзал Әлібек пен Корней Корнеев мұхиттың арғы жағында өнер көрсетеді. Ағалы-інілі Канаданың ең үздік жасөспірімдер лигасының бірі Western Hockey League-те өнер көрсетеді. Асанәли үшін бұл екінші маусым болса, Әлішер алғаш рет шетелдік лигада бақ сынауда. Әрі Асанәли Сәркенов былтыр табысты өнер көрсетіп, жазда Ұлттық хоккей лигасында ойнайтын "Колорадо Эвеланш" командасының жазғы лагеріне қатысып, турнирлерде шайба соғып көзге түсті. 


Ал Канададағы командасына қазан айында ғана қосылған Әлішер Сәркенов 14 ойында 14 (6+8) ұпай еншілеп үлгерген. Абзал Әлібек NAHL-де өнер көрсетсе, Корней Корнеев Канаданың QMJHL жасөспірімдер лигасында ойнайды. 


Антон Васин бастаған команданың турнирдегі алғашқы қарсыласы Украина құрамасы болмақ. Бұл команда былтыр І дивизионның В тобында алтын еншілеп, быил А тобында бақ сынауға мүмкіндік алып отыр. Соңғы жылдары Украинадағы хоккей деңгейі артып келеді. Бұған биыл Венгрияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты (ІА) дәлел. Украина топ-дивизионға жолдама алуға бір табан жақын қалып, біздің жасөспірімдеріміз дәл осы құрамадан жеңілген. Сондықтан кез келген әлем чемпионатында қазіргі таңда осал қарсылас жоқ.

Былтыр топ-дивизионның жолдамасына Дания иелік етсе, Австрия күміс жүлдегер атанған, ал Норвегия үздік үштікті түйіндеген. Бір қызығы, былтыр да І дивизионның А тобындағы әлем чемпионаты дәл осы Словенияның Блед қаласында өткен. Былтыр медальға бір қадам жетпей тоқтаған айдын иелері екінші жыл қатарынан өз жанкүйерлері алдында өнер көрсететіндіктен, жүлде үшін барын салары анық. Бүгін басталған чемпионатта кей құрамалар алғашқы ойындарын өткізіп те үлгерді. Былтырғы чемпионаттың күміс және қола жүлдегерлері - Австрия мен Норвегия жарысты сенімді жеңіспен бастап, үш ұпайды қанжығаларына байлады. Австрия алғашқы ойында Словенияны жеңсе (5:2), Норвегия Францияны (8:2) ұтқан. 

Қазақстан жастар құрамасы турнирдегі алғашқы ойынын Украинаға қарсы өткізсе, соңғы матчта Австрияға қарсы ойнайды. Команданың турнирдегі ойындарының кестесі төмендегідей: 

Қазақстан жастар құрамасында көшбасшы ойыншылар бар әрі кейбір хоккейшілеріміздің топ-дивизионда ойнау тәжірибесі бар. Сондықтан жастарымыз қайтадан әлемнің үздік он құрамасының қатарына қосылады деген сенім мол.