Еркебұлан Тұңғышбаев Германияда ота жасатты

Еркебұлан Тұңғышбаев Германияда ота жасатты
Футбол

Kazfootball.kz

«Тұран» клубының шабуылшысы Еркебұлан Тұңғышбаев Германияда сәтті отадан өтті, деп хабарлады клубтың баспасөз қызметі.

Футболшының тізесіне операция жасалған. Клуб мәліметінше, ота сәтті өткен және ойыншыны алда ұзақ оңалту кезеңі күтіп тұр.

«Кеше тіземе операция жасалды, барлығы жақсы өтті. Командаға қолдау көрсеткені үшін рахмет. Енді мені ұзақ реабилитация және қалпына келу кезеңі күтіп тұр», — деді футболшы.

Айта кетейік, Тұңғышбаев мансабында бірнеше рет ауыр жарақат алған. 2018 жылдың қазан айында жарақатына байланысты Ұлттар лигасының матчтарын өткізіп алды. 2021 жылдың наурызында Қазақстан құрамасының сапында жарақат алса, сол жылдың шілде айында «Ордабасы» сапында ойнап жүргенде екі айға қатардан шыққан болатын.

Қазіргі операцияның нақты неден жасалғаны әзірге хабарланған жоқ.

31 жастағы шабуылшы 29 наурызда ресми түрде түркістандық клубқа қосылған еді. Өткен маусымда ол «Ордабасы» сапында 14 матч өткізіп, бір гол соққан.