"Ұлттық құрамаға сырттан келгенім жоқ": Бұрын бірінші нөмір болған Нұрсұлтан Мамаев команда тізгінін қолға алды

Басқа

Таеквондодан Қазақстан құрамасында ауыс-түйіс басталды. Бас командаға Оңтүстік Кореядан кеңесші маман шақыртылып, аға жаттықтырушы міндеті тәжірибелі спортшы, бапкерлік қызметін сәтті бастаған Нұрсұлтан Мамаевқа тапсырылды. Азия ойындары мен жазғы Олимпиада қарсаңында бапкерлер қосынын жаңарту оңай емес. Десе де, федерация тәуекелге барып, спортшыларға дұрыс бағыт беретін мамандарға иек артып отыр. Осы орайда, Нұрсұлтан Мамаев Bassport.kz тілшісіне сұхбат беріп, жауапты қызметіне қатысты пікірін бөлісті.

- Нұрсұлтан, ұлттық құрамада жауапты қызметке тағайындалдыңыз. Бұл ұсынысты қалай қабылдадыңыз?

- Бұл мен үшін күтпеген ұсыныс болды десем, өтірік айтқан боламын. Өйткені, құдайдың қалауымен, ата-анамның қолдауымен, менің бала кезімнен таеквондо есігін ашқаннан бастап өмірімнің 22 жылы, соның ішінде спортшы ретінде жеткен жетістіктерім, одан бапкерлікке ауысқаннан бергі жетістіктерім, жинаған тәжірибем, алған білімім, ойға түйгенім сіз айтып отырған ұсынысқа дайындығым болып есептеледі. Таң қалмадым, дайын болдым.

- Алда Азия ойындары, Олимпиада ойындарына іріктеу сынды жауапты жарыстар күтуде. Уақыт аз. Осы тұрғыдан сізде қорқыныш жоқ па?

  - Команданы жасақтап, бабына келтіріп үлгересіз бе? Дұрыс айтасыз, уақыт өте аз. Жазғы Азия ойындарына 1 ай, Олимпиада ойындарына 1 жыл ғана уақыт қалды. Қорқыныш туралы айтар болсам... «Торғайдан қорыққан тары екпейді» дейді ғой қазақ. Қорқыныш жоқ, жауапкершілік басым. Жақында ғана алдағы Азия ойындарына баратын команданы жасақтап алдық. Дайындық жоспарымыз бар. Олимпиада ойындарына келер болсақ, өзім 2010 жылы Сингапурдегі жасөспірімдер Олимпиадасында күміс медальға қол жеткіздім. 2012 жылы Лондон Олимпиадасына қатысып, өкінішке орай, жүлдеге іліне алмадым. Сол олқылықтың орнын бапкер ретінде толтырсам деген мақсат бар. Олимпиадалық рейтингте алғашқы тұрған 6 спортшы тікелей жолдамаға ие болса, ілікпеген спортшылар іріктеу турнирде бақтарын сынайды. Негізгі мақсатымыз да сол - Олимпиада ойындарында медаль иемдену. Осы жолда аянып қалмаймыз.

- Оңтүстік Кореядан кеңесші маман келіпті. Таеквондоның отаны болған соң, сол жақтың мамандары сұранысқа ие. Қазақстанға келген кореялық кеңесші туралы не айтасыз?

- Кеңесші-жаттықтырушы Ким Кванг Су деген маман Оңтүстік Кореядан келісімшартпен, мен тағайындалғанға дейін келген. Жаттықтырушылық мансабын 1994 жылдан бастаған екен, Францияның ұлттық құрамасын да жаттықтырыпты. Ортақ мүдде жолында ауызбіршілікпен еңбек етіп, белестерді бағындырамыз деген үміттемін.

- Жақында Түркістанда ерекше форматтағы Қазақстан кубогі өтті. Бұл турнирдің бағыты да, ұйымдастырылуы да бұрынғыдан өзгерек көрінді. Аталған бәсекеден соң не түйдіңіз?

 - Иә, 14-16 шілде аралығында Түркістан қаласында ерекше форматтағы Қазақстан кубогін өткіздік. Бұл жолғы кубоктің ерекшелігі сол, жарыс екі айналымнан тұрды. Яғни, 1/4 финалға іліккен 8 спортшы екінші айналымда тағы бір рет бағын сынауға мүмкіндік алды. Бірінші айналымда 1/2 финалға жете алмай, екінші айналымда чемпион атанып кеткендері де болды. Бұл кіл мықтының ішінен бір мықтыны анықтап алу үшін жасалған қадам еді.

- Бұрын ұлттық құраманың бірінші нөмірлі спортшысы едіңіз. Бүгін команда тізгінін қолға алып отырсыз. Осы екі аралықта бапкерлік қызметіңізде қандай өзгерістер болды?

Ересектер құрамасына тағайындалғанға дейін жастар құрамасымен жұмыс істедім. Ұлттық құрамаға сырттан келе салған жоқпын. Бапкерлік, спортшылық тәжірибем бар, жетістіктерім де жоқ емес. Сөзім дәлелсіз болмасын: соңғы үш жылда Шымкент құрамасы жалпы командалық есепте ересектер арасында 1-орын иеленгені, шетелдерде халықаралық рейтингтік турнирлерде Шымкент құрамасының ұлттық құрамадан жоғары нәтижеге қол жеткізуі бірден-бір себеп деп ойлаймын.

Әрине, «жалғыз ағаш орман болмайды, жалғыз кірпіш қорған болмайды» демекші, осы жетістіктеріме себепші болып келе жатқан Оразымбетов Бақытжан, Миржамалов Мирзафар, Ризаев Давранбек ағаларыма, Ходжакулов Аббас, Байбатыров Саламат інілеріме рақметімді айтамын. Алдымен қазақ елінің, сонан соң осындай жауапкершілігі мол істі сеніп, құрама тізгінін қолыма ұстатқан спорттағы ағаларымызға алғыс айта отырып, бұйырса, үмітін ақтаймын деген сенімім бар.

- Сөз соңында бас команданың қазіргі атмосферасы жайлы айтып өтсеңіз...

- Командадағы қазіргі атмосфера дегенде, бұрын да атмосфера жаман болмаған. Спортшыларымыз өзара тату, әрқайсысы әр өңірден, әр ұлттан болса да келіспеушілік, кикілжіңдер деген болмайды. Бәрімізге ортақ мақсат - жеңіске жету жолында аянбай еңбек ету.


Сұхбаттасқан - Ақырыс Сейтқазы