«Бір-біріміздің ойымызды жақсы түсінеміз» - Михаил Шайдоровтың хореографы жаңа бағдарламалар туралы

«Бір-біріміздің ойымызды жақсы түсінеміз» - Михаил Шайдоровтың хореографы жаңа бағдарламалар туралы
Қысқы спорт

Сали Сабиров

Бүгін Қытайдың Чунцин қаласында мәнерлеп сырғанаудан гран-при жарыстарының 2-кезеңі «Cup of China» турнирі басталды. Бұл 2025-жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, отандасымыз Михаил Шайдоровтың жаңа маусымдағы екінші, ал гран-придегі бірінші жарысы болмақ. Жарыс алдында Михаил Шайдоровтың екінші бапкері және хореографы Иван Регинимен хабарласып, біздің чемпионның олимпиада маусымына дайындаған бағдарламалары туралы сөйлескен едік. 

 - Иван, Михаилдың жаңа бағдарламалары ерекше екен. Әсіресе қысқа бағдарламасы бұрынғы жаттығуларына ұқсамайды. Рок стилінде сырғанауды сіз ұсындыңыз ба? 

- Негізі бұл идеяға Миша екеуміз бірге келдік. Бірақ біз таңдап алған әуендерді қып-қызыл рок деп айтпас едім. Рок әртүрлі болады ғой. Филл Коллинзды мен таңдадым, ал Калеоны алайық деген Михаил. Бұл жерде мен екі үйлеспейтін әлемді, екі эпоханы біріктіргендегі әуеннің сиқырын көрсеткім келді. Әнде « I've been waiting for this moment, all my life» деген сөздер бар. Яғни «осы сәтті мен өмір бойы күттім» дейді. Бұл жері айтпаса да түсінікті шығар. Әр спортышының арманы мен мақсаты – Олимпиада. Жалпы біз бір-біріміздің ойымызды жақсы түсінеміз.

- Гран-придің бірінші жарысын көрдік. Кейбір спортшылар былтырғы жаттығуларын биылға да қалдырған. Сіздерде ондай ой болған жоқ па?

- Білесіз бе, соңғы кезде қазір ақыл айтушылар, олимпиада маусымында эксперттер мен сын айтушылар көбейіп кетті. Бізге расымен де ақыл-кеңес қажет болса шынымен де сұрар едік. Біз әрине әр айтылған сынға құлақ түреміз. Дұрыс сын болса құба-құп. Бірақ бұл істе біздің өз көзқарасымыз бар. Шынын айтсам Мишаның хореография мен биді дұрыстап қолға алып, айналыса бастағанына тек екі жыл енді ғана болды ғой. Оның бізге дейін қандай жағдайда жаттыққанын да білесіз. Ашық мұзда сырғанаған балада хореография мен би залы қайдан болсын. Сондықтан да, дәл осы жаңа стильмен, жаға бағдарламамен біз оның жаңа нәрсені үйренуден қашпайтынын, әр стильді меңгеруге қабілетінің бар екенін көрсеткіміз келді. Сондықтан да өткен жылғы жаттығуларды қалдыру ойға да келген жоқ. Мақсатымыз – жаңа нәрсе үйрену, бір орында тұрып қалмай дами беру. Қысқа бағдарлама арқылы біз Мишаның ер жігітке тән мінезі бар екенін, өзіне деген сенімі мол екенін көрсеткіміз келді. Біз әлі де жұмыс үстіндеміз. Жаттығу әлі де өз деңгейіне келіп, пісіп жетіледі. Міне сол кезде бүкіл әлем Мишаның кез келген образды алып шыға алатынын көреді. Осы жаттығу арқылы Мишаның ешкім көрмеген жаңа қырын көрсеткіміз келді.


- Еркін жаттығуға Димаштың итальян тілінде айтқан әнін алыпсыздар. Әдейі Италиядағы олимпиадаға арналған болу керек?

- Әрине. Миланда өтетін олимпиадаға көптеген спортшылар Италия тақырыбын алатыны белгілі. Мен де осы жөнінде командаға ұсынысымды айтқанда, Миша бірден Димаштың орындауындағы «Confessa» деген әнді ұсынды. Негізі ол бұл әнді осыдан бір-екі жыл бұрын алғысы келген еді. Сол қалауына осы маусымда жетті. Өте әдемі әуен. Соңына қарай тіпті заманауи ноталарды қосып, ерекше бір микс жасадық. Өзім ән салып кете жаздадым. Музыканы өңдеу үшін де көп еңбектендік. Сөйтіп осы әуенге тоқтадық. Әуенді қоя бере Қазақстанды әлемге танытып жүрген әнші, жұлдыз Димаштың дауысын алдық. Михаил да Димаш сияқты өз Отанын жақсы көреді. Қазақстанның атағын шығарып, намысын қорғап жүр. Ал жаттығудың мәтініне келсек, Челентаноның бұл әні негізі ер мен әйелдің қарым-қатынасы туралы. Миша бұл жерде ондай махаббатты емес, өзінің мәнерлеп сырғанауға, спортқа деген сүйіспеншілігін көрсетеді. Оның дәлелі - жаңа элементтерді секіріп тәуекелге баруы да махаббаттың белгісі екенін көрсету деп білем. Ал жаттығудың екінші жартысы «5-элемент» фильмінің музыкасы. Жалпы мен әдеттегі шаблонды бұзып, үйлеспейтін нәрсені үйлестіргенді ұнатам. Жаттығудың екінші жартысында Димаш пен Диваның дауыстары бар. Арнайы осы жаттығуға арнап ойналып, жазылған жерлері де бар. Сондықтан да бұл жай ғана еркін жаттығу емес, бұл Мишаның спорттағы жолы туралы бағдарлама. Жалпы Димаштың дауысы алуан қырлы ғой. Осы жерде Мишаның да Димаш секілді алуан түрлі образдарды меңгере алатынын көрсеткіміз келді. Сонымен қатар Қазақстан мен Италия, Димаш пен Челентано секілді паралельдер сезіледі. Сондықтан да Олимпиада ойындарында бұл бағдарлама ерекше көрініп, ерекше мінге ие болады деп ойлаймын.

- Осы жаттығуға киетін костюм өте әдемі екен. Өзіміздің шеберлер тігіп берді ме?

- Қысқа бағдарламаға киетін костюмді әдеттегідей Ресейдегі шеберге тіктірттік. Ол маманмен көптен бері жұмыс істейміз. Қазір Қазақстанда да өте жақсы шеберлер бар. Еркін жаттығуға костюм осында тігілді. Сонымен қатар гала қойылымға киетін киімдерді де жергілікті мамандар тігіп берді. Тіпті бір емес бірнеше киім тіктірдік. Кейін көре жатарсыздар.

- «Денис Тен Мемориал» турнирінде төрт айналымнан тұратын секірудің бесеуін көрдік. Өте күрделі жаттығу. Осыған жұмыс барысы қалай жүрді?

- Ол турнир Михаил үшін аздап қиындау өтті деуге болады. Себебі өз жанкүйерінің алдында жауапкершілік алу қашан да қиын. Негізі бір жаттығуда 5 рет төрт айналым секіруді Михаил өткен маусымнан бері қолға алды. Оның әдемі де ғажайып каскадтарын бәріңіз көрдіңіздер. Сондықтан да командамызбен бұл қадамға алдын ала дайындалдық десек болады. Алексей Евгеньевичтің жіті бақылауымен барлық секірулерді пысықтап жатырмыз. Алдағы жарыстарда осы жоспармен жүруіміз керек.

- Иван, әңгімеңізге көп рахмет. Жанкүйерлерге айтарыңыз бар ма?

- Мишаға сеніңіздер! Жақсы тілектеріңізді аямаңыздар. Алексей Евгеньевич те, мен де Михаилға сенеміз. Себебі Миша да, біз де осы іс жолында көп нәрседен бас тартып, тер төгіп келеміз, ал төгілген тер түптің түбінде өз жемісін береді.


Суреттер Михаил Шайдоров пен Иван Ригинидің Instagram парақшасынан алынды. 

Әңгімелескен Лилиана Әлжанова