Әліби Ыдырыс UFC-мен ерекше келісімшартқа қол қойғанын айтты
NUR.KZ
Қазақстандық UFC файтері Әліби Ыдырыс әлемдегі ең ірі ММА ұйымы – Ultimate Fighting Championship-пен ерекше форматтағы келісімшартқа отырғанын мәлімдеді.
Спортшының айтуынша, ол The Ultimate Fighter жобасынан кейін үш жылға жеті жекпе-жекке арналған келісімшартқа қол қойған.
«TUF-тен кейін маған үш жылға жеті жекпе-жекке келісімшарт берілді. Бұл – шоу қатысушыларына арналған арнайы келісім. Осы уақыт ішінде жеті рет октагонға шығуың керек. Егер үлгермесең, мерзім аяқталған соң жаңа келісімшарт ұсынылуы мүмкін немесе ұсынылмауы да мүмкін», — деді Ыдырыс.
Әлібидің айтуынша, қазіргі таңда ол жеті жекпе-жектің екеуін өткізіп үлгерген. Оның бірі — TUF финалы, екіншісі — UFC-дегі ресми дебюті.
Айта кетейік, Әліби Ыдырыс UFC-ге дәл осы The Ultimate Fighter жобасы арқылы жолдама алған Қазақстаннан шыққан алғашқы спортшы.
TUF финалы 2025 жылдың 17 тамызында АҚШ-тың Чикаго қаласында өткен UFC 319 турнирінде өтті. Онда қазақстандық файтер америкалық Джозеф Моралеске мерзімінен бұрын есе жіберді. Соған қарамастан UFC оған толыққанды келісімшарт ұсынды.
Ал 21 ақпанда АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен UFC Fight Night турнирінде Әліби ямайкалық Оде Осборнді төрешілер шешімімен жеңіп, UFC-дегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Алайда 1 сәуірде UFC Әліби Ыдырыстың допингке байланысты бір жылға шеттетілгенін хабарлады. Оның сынамасынан гидрохлоротиазид диуретигі анықталған.
TUF қатысушыларына берілетін бұл арнайы келісімшарттың басты ерекшелігі – жеті жекпе-жекке міндеттелуі. Кәдімгі жаңа спортшылар әдетте 3–4 жекпе-жекке келісімшарт жасаса, TUF арқылы келгендер ұзақ мерзімді шартқа отырады.
Бұл UFC үшін тиімді модель саналады. Ұйым шоу қатысушыларын жарнамалауға көп қаржы жұмсайтындықтан, олардың танымалдылығы артса да, жеті жекпе-жек бойы бастапқы шарттарды сақтап қалады.