Қазақстандық файтер Артем Белах UFC реалити-шоуына қатысады
Спорт Шредингера
Қазақстан тумасы аралас жекпе-жек шебері Артем Белах әлемдегі ең беделді ұйымдардың бірі – Ultimate Fighting Championship ұйымдастыратын әйгілі The Ultimate Fighter реалити-шоуының жаңа маусымына қатысатын болды. Бұл туралы ақпаратты ұйымның өзі растады.
Белах жеңіл салмақта өнер көрсетеді. Жаңа маусым көрермендерге 14 эпизодтан тұрады, ал жеңімпаз UFC-мен ресми келісімшартқа қол жеткізеді. Әдеттегідей, жобаның түсірілімдері жылдың алғашқы жартысында өтсе, эфирге жаз айлары немесе күзде шығады.
Қазақстандық спортшы қатысатын дивизионда барлығы 10 файтер бақ сынайды. Олардың қатарында тәжірибелі спортшылар бар: перулік Родриго Вера, финляндиялық Абдул Хуссейн, америкалық Ксавьер Франклин мен Кристиан Стронг, кубалық Шон Мора, британдық Марлон Джонс, доминикандық Микаиас Уренья, қырғызстандық Иллимбек Акылбек уулу және әзірбайжандық Мехеммедели Османлы.
Айта кетерлігі, Артем Белах ресми түрде Қазақстан азаматтығына ие емес. Ол Ақмола облысындағы Ерейментау қаласында дүниеге келіп, 18 жасында Ресейге көшкен. Бұған дейін ресейлік лигаларда – RCC, MMA Series және Open FC ұйымдарында өнер көрсетті. Кейін ONE Championship аясында үш жекпе-жек өткізіп, жартылай жеңіл салмақтағы чемпион Энх-Оргил Баатархуу мен UFC экс-файтері Леандро Иссуды жеңген.
Ұзақ үзілістен кейін Белах АҚШ-тағы Legacy Fighting Alliance (LFA) лигасында дебют жасап, бразилиялық Винисиус Пересті төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіп, чемпиондық титулды иеленді. Бұл жекпе-жекте ол Қазақстан атынан шықты.
Айта кетейік, LFA — UFC үшін негізгі «фарм-лигалардың» бірі саналады. Дәл осы ұйымнан көптеген болашақ UFC чемпиондары шыққан. Соған қарамастан, Артем Белах UFC-ке өтеді деп көпшілік күтпеген еді. Енді ол өз мүмкіндігін The Ultimate Fighter жобасында дәлелдеуге дайын.