Қазақстандық файтер UFC-ден шеттетілді
UFC
Қазақстандық ММА шебері Әліби Ыдырыс америкалық UFC промоушені тарапынан допинг қолданғаны үшін уақытша шеттетілді.
Ұйымның дерегінше, спортшының қанынан тыйым салынған заттар тізіміне кіретін гидрохлоротиазид анықталған. Аталған препарат салмақ қууды жеңілдету мақсатында қолданылуы мүмкін.
UFC мәліметіне сәйкес, допинг спортшының ағзасына 22 ақпан күні өткен Оде Осборнға қарсы жекпе-жек алдында түскен. Ыдырыс жекпе-жек алдындағы аптада салмақ өлшеу талаптарына сай болу үшін құрамында гидрохлоротиазид бар препарат қабылдағанын мойындаған.
Еске салсақ, аталған кездесуде Әліби Ыдырыс төрешілер шешімімен жеңіске жетіп, UFC аясындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізген еді. Алайда допинг дауына байланысты бұл жекпе-жектің нәтижесі ресми түрде жойылып, спортшыға дисквалификация санкциясы қолданылды.