Карло Анчелоттидың Бразилия құрамасындағы жалақысы белгілі болды

Әлеуметтік желі
Атақты италиялық бапкер Карло Анчелотти мадридтік «Реалдан» кетіп, енді жаңа кезеңге қадам баспақ. Ол Бразилия құрамасының бас бапкері қызметіне тағайындалып отыр. Бұл туралы Bassport.kz хабарлады.
Дүйсенбі күні Бразилия футбол конфедерациясы 65 жастағы маманмен келісімшарт жасалғанын ресми түрде растады. Globo дерегінше, Анчелоттидің жылдық жалақысы шамамен 10 миллион еуроны құрайды. Ал егер құраманы 2026 жылғы әлем чемпионатында жеңіске жеткізсе, қосымша 5 миллион еуро бонус алады.
Анчелотти жаңа қызметіне 26 мамырда, яғни Ла Лиганың соңғы турында «Реал Сосьедадқа» қарсы матчтан кейін ресми түрде кіріседі.
Италиялық бапкердің Бразилия құрамасындағы алғашқы кездесулері 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде өтеді. 6 маусымда Бразилия Эквадормен, ал 11 маусымда Парагваймен кездеседі.