Рахмонов пен Махачев арасындағы титулдық бәсекеге қатысты жаңа ақпарат шықты

Рахмонов пен Махачев арасындағы титулдық бәсекеге қатысты жаңа ақпарат шықты
Жекпе-жек

Әлеуметтік желі

UFC-дің жартылай орта салмағындағы қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновтың жаттықтырушысы Эдуард Базров Ислам Махачевпен титулдық жекпе-жек үшін бәсекелестікке қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Bassport.kz хабарлайды.

Өткен демалыс күндері австралиялық Джек Делла Маддалена америкалық Белал Мұхаммадты жеңіп, чемпиондық белбеуді иеленді. Бұл жағдай UFC-дің жеңіл салмақтағы чемпионы Ислам Махачевке мүмкіндік ашты. Бұған дейін дағыстандық файтер Мұхаммадпен жекпе-жекке шықпайтынын айтқан еді, ал Маддаленамен кездесуге дайын екенін мәлімдеп, қос салмақта чемпион болуға ниетін білдірген.

— UFC титулдық жекпе-жекті Исламға уәде еткен деседі… Бірақ нақты айту қиын. Бұл спортта ештеңе алдын ала белгілі емес. Ертең не боларын білмейміз. Қазірдің өзінде бірнеше мықты үміткер бар. Біз де белбеуге үміттіміз. Қараша айына дейін толық дайын боламыз деп ойлаймын, — деді Базров Naiza TV арнасында берген сұхбатында.

Айта кетейік, Шавкат Рахмонов UFC-дегі барлық жекпе-жектерін жеңіспен аяқтап, титул үшін негізгі үміткерлердің бірі саналып отыр.