Қазақстандық боксшылар жекпе-жексіз келесі кезеңге өтті

Қазақстандық боксшылар жекпе-жексіз келесі кезеңге өтті
Бокс

dknews.kz

Астанада өтіп жатқан бокстан World Boxing кубогында Қазақстан құрамасы жүлде қорын толықтырды. Спортшыларымыз ширек финалдағы қарсыластарының бас тартуына байланысты жартылай финалға жолдама алып, кем дегенде қола медаль иегері атанды, деп хабарлайды Bassport.kz.

57 келіде өнер көрсететін Айдана Забынбекова АҚШ боксшысы Алисса Мендозамен жұдырықтасуы керек еді. Алайда америкалық спортшы жекпе-жектен бас тартқандықтан, отандасымыз келесі кезеңге автоматты түрде өтті.

Сол жағдай 80 келіде шаршы алаңға шығуы тиіс болған Нұрбек Оралбайдың да басынан өтті. Үндістандық Лакшия Чахар жарақатына байланысты кездесуден бас тартты. Нәтижесінде Оралбай да жартылай финалға өтіп, қола медальды қоржынға салды.

Ал әйелдер арасындағы 70 келі салмақта алғашқы болып рингке шыққан Наталья Богданова бразилиялық Барбара Дос Сантосты айқын басымдықпен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды.

Өкінішке қарай, 60 келіде бақ сынаған Серік Теміржанов жапониялық Шунсукэ Китамотоға есе жіберіп, жарысты ширек финалда аяқтады.