“Реал” жұлдыздары Хаби Алонсоны сынға алып, бірқатары клубтан кетуге дайын

“Реал” жұлдыздары Хаби Алонсоны сынға алып, бірқатары клубтан кетуге дайын
Футбол

Sportburo.kz

Клубтық әлем чемпионатының жартылай финалында “Пари Сен-Жерменнен” 0:4 есебімен ұтылғаннан кейін мадридтік “Реалдың” бірнеше ойыншысы бас бапкер Хаби Алонсоға ашық наразылық білдірді. Команда ішіндегі ахуал ушығып, жаттықтырушының тәжірибесіне күмән келтіргендер көбейген, деп хабарлайды Bassport.kz.

Don Balon басылымының мәліметіне сенсек, “корольдік клубтың” кейбір негізгі ойыншылары Алонсоның “Реал” деңгейіндегі клубты басқаруға дайын еместігін алға тартқан. Олардың пікірінше, ПСЖ-мен өткен матчтағы 4-3-3 схемасы команданың орталық алаңдағы үстемдігін жоғалтуына себеп болған. Сонымен қатар, бапкердің шешімдері сенімсіз әрі тәжірибесіз деп бағаланып отыр.

Алонсоға сын айтқандардың басым бөлігі – Клубтық чемпионатта негізгі құрамнан тыс қалған футболшылар. Жеңілістен кейін бұл ойыншылардың көңіл-күйі төмендеп, енді олар жазда командадан кету нұсқасын шындап қарастыруда.

Өз кезегінде, Хаби Алонсо қарсы пікірдегі ойыншыларды командада ұстап қалуға тырыспайды. Ол келесі маусымға бағытталған жаңарту жұмыстарын бастап кеткенін және құрамда елеулі өзгерістер болатынын мәлімдеді. “Реалдың” басшылығы бапкерге толық сенім артып, келесі маусымда кімнің клубта қалатынын өзі шешуге мүмкіндік берді. Алонсо өз әдістеріне күмәнмен қараған ойыншылармен қоштасуға дайын екенін ашық айтты.