Әлем чемпионы Нұрқожа Қайпанов рейтингілік турнирден шығарылды

Zakon.kz
Күтпеген жағдай. Қазақстандық еркін күрес шебері Нұрқожа Қайпанов Будапештте өтетін халықаралық «Имре Поляк пен Янос Варга мемориалы» турниріне (17–20 шілде, Венгрия, 74 кг) қатыспайды, деп хабарлайды Bassport.kz.
Петропавл тумасы бастапқыда 74 келі салмақта турнир қатысушыларының ресми тізімінде болған, алайда кейіннен аты тізімнен алынып тасталды. Бұл шешім ұлттық құраманың жаттықтырушылар штабы тарапынан қабылдануы мүмкін. Мамандар әлем чемпионатына (13–21 қыркүйек, Загреб) дейін Қайпановты жарақаттан сақтағысы келсе керек. Немесе Түркияның Коджаэли қаласында өткен халықаралық турнирде (Яшар Догу, Вехби Эмре және Хамит Каплан мемориалы) жарақат алған болуы мүмкін. Айта кетейік, ол сол жарыста чемпион атанған еді.
Сонымен қатар, Будапешттегі турнирге Қазақстан құрамасы атынан жарысқа шығуға тиіс болған тувалық балуан Начын Куулар бастапқы өтінімде болғанымен, ол да қатыспайтын болды.
Қайпановтың бұл шешімі уақытша сақтық шарасы болғанымен, алдағы маңызды жарыстарға әсер етпеуі маңызды. Ел үмітін ақтап жүрген балуанның жақын арада бозкілемге қайта оралуы – жанкүйерлер үшін басты тілек.