Америкалық клуб қазақ спортшысын бапкерлікке шақырды

Америкалық клуб қазақ спортшысын бапкерлікке шақырды
Күрес

Спортшының жеке мұрағатынан

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Нұржан Асан Лос-Анджелесте екі апталық шеберлік сабағын сәтті аяқтады.  

Спортшы Америка Құрама Штаттарына ресми шақырту бойынша барып, жас балуандарға арналған арнайы жаттығу бағдарламасын өткізді.

Шеберлік сабағы 26 мамыр мен 7 маусым аралығында өтуде. Оған америкалық клубтар мен бапкерлер тарапынан үлкен қызығушылық болған. Нұржан Асанның кәсіби тәсілдері мен дайындық әдістері жоғары бағаланып, бірқатар жаттықтырушылар оны тұрақты бапкер ретінде қалуға ұсыныс білдірген.

Жамбыл облысынан шыққан балуанның барлық жол және тұру шығындарын қабылдаушы тарап өз мойнына алған. Бұл - шетелдік спорт ұйымдарының қазақстандық мамандарға деген қызығушылығының және сенімінің белгісі.

Айта кетейік, Нұржан Асан – Сурдлимпиада ойындарының жүлдегері, Азия чемпионы, сондай-ақ 2023 жылы Қазақстан тарихындағы алғашқы Сурдлимпиадалық әлем чемпионы атанған палуан.