Жақсылық Үшкемпіров – қазақ спортының шамшырағы

Бүгін – халқымыздың маңдайына біткен асыл ұлдарының бірі, даңқты балуан, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің дүние есігін ашқан күн.
Ол 1951 жылдың 6 мамырында Жамбыл облысы, Свердлов (қазіргі Байзақ) ауданына қарасты Дихан ауылында дүниеге келді. Қазақтың қарапайым ауылынан түлеп ұшып, күллі әлемге танылған арда ұлдың өмір жолы – тұтас бір ұлттың намысы мен рухының көрінісі іспеттес. Классикалық күрестің шын шебері көзі тірі болса 74 жасқа толар еді.
Жақсылық Үшкемпіров 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасында грек-рим күресінен алтын медаль жеңіп алып, қазақ жұртының абыройын асқақтатты. Бұл жеңіс – егемендікке әлі жете қоймаған елдің кеудесіне үміт ұялатқан, ұлт рухын дүр сілкіндірген тарихи сәттердің бірі болды. Жеңіс жалауын желбіреткен балуанның есімі ел жүрегіне алтын әріппен жазылды.
Арада бір жыл өткенде, 1981 жылы ол әлем чемпионы атанып, қазақ спортының биігіне тағы бір мәрте ту тікті. Тек боз кілемнің батыры ғана емес, елге қызмет етудің ерен үлгісін көрсеткен азамат ретінде де ел есінде қалды. Ол спорт саласына жанын беріп, жастар тәрбиесіне ерекше көңіл бөлді.
Жақсылық Үшкемпіров — Қазақстан Республикасының Еңбек Ері. Сондай-ақ «Барыс», «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталған. Оның есімі елорда төрінде бой көтерген ескерткіш пен спорт кешенінде мәңгілікке хатталып тұр.
Халқының қамын ойлаған, ел мерейін үстем еткен ердің есімі жүректерде өмір сүріп, ұрпақ санасында өнеге боп қала бермек.