Еуропада Қазақстан құрамасынан екі футболшыны ерекше атап өтті «Потенциалы өте жоғары»

kff.kz
Беларусь құрамасының қорғаушысы Павел Забелин Қазақстан құрамасымен өткен жолдастық кездесуде (4:1 есебімен аяқталды) бұрынғы командаласы, «Тоболдың» ойыншысы Ислам Чесноковтың одан да жақсы ойнай алатынын айтты, деп хабарлайды Bassport.kz Pressball.by басылымына сілтеме жасап.
— Біз жақсы, сапалы матч өткіздік. Төменнен паспен ойнауға тырыстық. Бапкерлер не талап етсе, соның бәрін орындадық деп ойлаймын. Сондықтан кездесудің қорытындысы көңілден шықты — енді келесі ойынға жақсы көңіл күймен дайындалып жатырмыз.
— Нөсер жаңбырдан кейін матч басталмай тұрып жарты сағатқа кешікті. Осыған байланысты «Борисов-Арена» алаңы қандай болды?
— Алаң ауыр болды, суға толып кеткен еді. Жаттығуға шыққанда аяқтың астында су сарт-сарт етіп тұрды. Бұлшықеттер де тез шаршады. Дегенмен, біз доппен ойнауға тырыстық. Егер ондай мүмкіндік болмағанда, ойнау әлдеқайда қиын болар еді.
— Қазақстан құрамасы 3-4-3 схемасымен ойнады. Сізге Александр Мартыновичпен бірге кейде «екіге екі», «екіге үш» жағдайларында қорғануға тура келді ғой?
— Иә, қарсылас шабуылында өте шебер ойыншылар бар. Самородов — Ресей Премьер-лигасында ойнап жүр. Чесноковты қазір Шотландияға сатып жатыр. Сонымен қатар біз, қорғаушылар, көбінесе «бірге-бір» жағдайында ойнадық, кеңінен орналасуға мәжбүр болдық. Мүмкін, тірек жартылай қорғаушыларымыз сәл тереңірек ойнауы керек болған шығар. Дегенмен, қазақстандықтарда нақты гол соғатын көп мүмкіндік болды деп айта алмаймын.
— Қорғаушы ретінде Громыко қалай көрінді?
— Валера — өте сапалы футболшы. Егер ол бабында болса, ойынын тамашалауға болады.
— Демек, сіз солай істеп жүрсіз?
— Дәл солай. Ол не істейді екен деп қарап, ләззат аламыз. (Күлімсірейді.)
— Сізше, Беларусь құрамасы жеңісті бірінші таймда-ақ шешіп тастай алар ма еді?
— Біз алғашқы голды екінші соққыдан кейін-ақ салдық. Бұл жақсы нәтижелілік. Бірақ бізде де, оларда да көп мүмкіндіктер бола қойған жоқ. Ойынның бақылауы бізде болды — доп бізде, шабуылдар ұйымдастырдық. Сондықтан барлығын бірінші таймда шешуге болады деу қиын. Бізде қандай шабуыл болды, соның бәрінен нәтиже шығардық. Екінші таймда да мүмкіндіктерді пайдалана білдік.
— Қорғаушы ретінде бұл матч сіз үшін қиын болды ма?
— Ерекше қиын болды деп айта алмаймын. Бірақ жұмыссыз да қалмадым. Әрине, гол жібермесек жақсы болар еді. Бірақ бұл — футбол. 80 минут бойы керемет ойнап, қарсылас бір мүмкіндікпен гол салып кетуі мүмкін.
— Ең көп қауіп қай футболшыдан төнді? Чесноковтан ба?
— Ислам одан да жақсы ойнай алады. Оның мүмкіндігін жақсы білемін — «Тоболда» бірге ойнадық. Чесноковтың потенциалы — өте жоғары. Дегенмен, ең көп қиындық туғызған — Самородов болды деп ойлаймын. Бір сәтте айып алаңымызға кіріп кеткен кезі болды. Абырой болғанда, қорғана алдық. Жалпы алғанда, қазақстандықтар бұдан да жақсы ойнай алады. Бізге қатты қауіп төндірген бір ойыншы болды деп айта алмаймын. Қолымыздан келгенше қарсы тұрдық.