«Барыс» алдағы маусымда ойыншыларға қанша қаражат жұмсайтыны белгілі болды

«Барыс» алдағы маусымда ойыншыларға қанша қаражат жұмсайтыны белгілі болды
Хоккей

Tengri Sport

Bassport.kz порталы «Штаб Хоккеиста» Telegram-арнасына сілтеме жасай отырып, ҚХЛ-да өнер көрсететін «Барыс» хоккей клубының 2024/25 маусымдағы ойыншыларға арналған жалақы бюджеті жарияланғанын хабарлады.

Мәліметке сәйкес, алдағы маусымда астаналық клубтың ойыншылар жалақысына жұмсай алатын қаражаты 119 миллион рубльді (шамамен 800 миллион теңге) құрайды. Бұл – Шығыс конференция командалары арасындағы ең төменгі жалақы шегі.

Салыстыру үшін: ең жоғарғы жалақы қоры Омбының «Авангард» клубында – 900 миллион рубль (6 миллиард теңге). Бұл – ҚХЛ тарапынан белгіленген максималды рұқсат етілген шек.

Айта кету керек, Құрлықтық хоккей лигасында «жалақы шегі» жүйесі енгізілген. Бұл – әрбір клубтың маусым бойы ойыншыларға төлейтін жалақысы үшін жұмсай алатын максималды сома. Аталған шектеу командалар арасындағы бәсекелестікті теңестіріп, тек қана қаржылық әлеуеті жоғары клубтардың үстемдігін болдырмауға бағытталған.

Бұған қоса, Қазақстанда соңғы жылдары спорттық клубтардың бюджетіне шектеу қою туралы заң қабылданғанын да атап өткен жөн. Бұл шаралар мемлекеттің кәсіби спорттағы қаржыны тиімді әрі ашық жұмсауға деген ұмтылысын көрсетеді.