Алиби Идирис UFC 319 турниріндегі жеңілістен кейін жанкүйерлеріне үн қатты

NUR.KZ
Қазақстандық файтер Алиби Идирис UFC 319 турнирі аясында өткен The Ultimate Fighter финалында америкалық Джозеф Моралесқа есе жіберді, деп хабарлайды Bassport.kz.
Жекпе-жектің екінші раундында Моралес қазақстандық спортшыны “үшбұрыш” әдісіне түсіріп, жеңіске жетті. Осылайша америкалық спортшы TUF-тың 33-маусымының чемпионы атанды.
Кездесуден кейін Идирис жанкүйерлеріне алғысын білдірді:
“Ас салам алейкум, қазақстандықтар, жанкүйерлер! Бүгінгі нәтиже біз күткендей болмады. Бірақ еңбектенуді жалғастырамыз. Әрқашан жанымда болып қолдау көрсеткен бауырларыма және жанкүйерлерге рақмет айтамын. Бұл менің жолым, қан мен тер жолы. Басымызды көтеріп, алға жылжимыз. Қазақстан, алға!” – деді ол.
Айта кетейік, Алиби Идирис финалға дейін екі жекпе-жекте жеңіске жеткен болатын. Ол ширек финалда өзбекстандық Фуркатбек Екубовты төрешілер шешімімен ұтса, жартылай финалда венесуэлалық Ройберт Эйверрияны нокаутқа түсірді.
Бұған дейін қазақстандық спортшы Naiza лигасында өнер көрсетіп, 2021 жылдың шілдесінен 2022 жылдың тамызына дейін чемпиондық белбеуді иеленіп, оны екі рет қорғаған еді.
Сонымен қатар, UFC соңғы бес маусымда TUF финалистерінің барлығын, жеңілген спортшыларды қоса, ұйымға қабылдаған. Сондықтан Алиби Идиристің UFC-дегі мансабы жалғасуы әбден мүмкін.