Ұлттық ойындардың мәртебесі артты

Биыл маусым айында күшіне енген «Дене шынықтыру және спорт туралы» жаңа заңға сәйкес, ұлттық спорт түрлері олимпиадалық және паралимпиадалық спортпен қатар басым бағыттар қатарына енгізілді. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ОКҚ алаңында өткен брифингте Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев мәлімдеді.
«Енді ұлттық спорттың барлық 11 түрі ресми түрде жоғары жетістікті спорт санатына енді. Бұл олардың мәртебесін арттырып қана қоймай, мақсатты қаржыландыруға жол ашады», – деді ол.
Қазіргі таңда елімізде асық ату, аударыспақ, бәйге, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, жекпе-жек, көкпар, қазақ күресі, құсбегілік, теңге ілу және тоғызқұмалақ қарқынды дамып келеді. Оның төртеуі (құсбегілік, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, асық ату) ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген.
Айта кетелік, 2024 жылдың қыркүйегінде Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қазақстандық спортшылар 43 алтын, жалпы 112 медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте көш бастаған болатын.