Әлем чемпиондарына қанша төлейді? Қазақстандық боксшыларға берілетін сыйақылар белгілі болды

KBF
Англияның Ливерпуль қаласында World Boxing ұйымы аясында алғаш рет өткен әлем чемпионаты аяқталды. Бұл дүбірлі доданың жалпыкомандалық есебінде Қазақстан құрамасы топ жарды.
Жаһандық додада шаршы алаңда күш сынасқан отандастарымыз жеті алтын, бір күміс және екі қола медаль иеленіп, тарихи жетістікке қол жеткізді.
Алтын жүлдені Санжар Ташкенбай (50 кг), Махмұд Сабырхан (55 кг), Алуа Балкибекова (51 кг), Аида Әбікеева (65 кг), Торехан Сабырхан (67 кг), Наталья Богданова (70 кг) және Айбек Оралбай (90+ кг) жеңіп алды. Күмісті Назым Қызайбай (48 кг) еншілесе, қола жүлде Виктория Графеева (60 кг) мен Елдана Тәліповаға (+80 кг) бұйырды.
Біржолғы төлемдер
Қазақстан заңнамасына сәйкес, әлем чемпионатында (олимпиадалық спорт түрлерінен) жүлде алған спортшыларға мемлекеттен қаржылай сыйақы беріледі: алтын медаль үшін – 15 мың доллар, күміс медаль үшін – 7 мың доллар, қола медаль үшін – 5 мың доллар.
Ай сайынғы төлемдер
2025 жылғы 11 тамызда Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрі бекіткен ережеге сай, әлем чемпиондарына келесі біріншілікке дейін ай сайынғы төлем қарастырылған (спорттық дайындықты жалғастырған жағдайда). Чемпиондар ай сайын 130 АЕК (511 мың теңге), күміс жүлдегерлер 120 АЕК (471 мың теңге), ал қола иегерлері 100 АЕК (393 мың теңге) алады.
Жаттықтырушыларға да сәйкесінше 65, 60 және 50 АЕК көлемінде төлем қарастырылған.
Өмір бойғы төлемдер
2023 жылы бекітілген ереже бойынша, Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарының жүлдегерлері және әлем чемпиондары өмір бойы ай сайын 100 АЕК (393 мың теңге) көлемінде төлем алуға құқылы.
Қазақстандық боксшылардың бұл жеңісі ел спорты тарихындағы айтулы белес болды. Мемлекет тарапынан берілетін қаржылай қолдау чемпиондардың еңбегін бағалаумен қатар, алдағы Олимпиадаға дайындыққа серпін бермек.