Қазақстан Азия ойындарында қанша медаль жеңіп алды
 
                Арлан Олжабай
Манама қаласында (Бахрейн) өткен жасөспірімдер арасындағы Азия ойындары өз мәресіне жетті. Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы 93 медаль еншіледі. Оның ішінде 24 алтын, 29 күміс және 40 қола жүлде бар.
Команданың медаль қорына ең көп үлес қосқан дзюдо спортшылары болды. Олар 14 жүлде иеленіп, төрт алтын, бес күміс және бес қола медальді жеңіп алды. Ауыр атлетикадан ел намысын қорғаған жас спортшылар да тұрақты нәтижемен көзге түсіп, үш алтын, төрт күміс және екі қола жүлдеге қол жеткізді. Ал «алтын» саны бойынша боксшылар көш бастады: Қазақстанның жас былғары қолғап шеберлері бес алтын, сондай-ақ үш күміс пен екі қола медаль еншіледі.
Жеңіл атлетика мен джиу-джитсу құрамалары да сенімді өнер көрсетті. Әр спорт түрі он медальдан жеңіп алып, ел қоржынын толықтырды. Жеңіл атлетикада бір алтын, екі күміс және жеті қола, ал джиу-джитсуда бір алтын, бес күміс және төрт қола медаль тіркелді.
Сонымен қатар Қазақстан спортшылары ММА, жол велоспорты және таеквондо бағдарламаларында екі алтыннан жеңіп алды. Бір-бір алтын медаль жүзу, муай-тай, күрес және пляждық волейболда тіркелді.
