Қазақ боксшылары әлем Кубогында төрт медаль жеңіп алды
Сали Сабиров
Үндістанның Дели қаласында бокстан әлем Кубогының қорытынды кезеңі өтіп жатыр. Жарыстың жартылай финалдық бәсекелері аяқталып, ел қоржынына төрт қола жүлде түсті, деп хабарлайды BasSport.kz тілшісі.
90 келіден жоғары салмақта бақ сынаған Даниял Сапарбай қола жүлде үшін жұдырықтасты. Даниял бұл кезеңде үндістандық Нарендермен кездесті. Үш раундтың қорытындысы бойынша үндістандық боксшы жеңіске жетті. Сапарбай жарысты үшінші орынмен аяқтады.
Санжарәлі Бегалиев 80 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғады. Ол жартылай финалда Оладимеджи Шиттумен (Англия) жұдырықтасты. Нәтижесінде жерлесіміз қарсыласына жол берді.
Әйелдер арасында 80 келіден жоғары салмақта бақ сынаған Әсел Тоқтасын жарысты жартылай финалдан бастады. Әсел бұл кезеңде Өзбекстан өкілі Олтина Сотимбоевамен кездесті. Жекпе-жек қорытындысы бойынша өзбекстандық боксшы жеңіске жетті. Ал Тоқтасын Әлем кубогын қола медальмен аяқтады.
Диана Мағауияева 80 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті. Диана жартылай финалда Польша өкілі Агата Кацмарскамен қолғап түйістірді. Польшалық боксшы басымдық танытып, жеңіске жетті.