Қазақстандық файтер жаңа лигамен келісімшартқа отырды

Қазақстандық файтер жаңа лигамен келісімшартқа отырды
Жекпе-жек

Arlan MMA

Қазақстандық файтер Жалғас Жұмағұлов спорттық мансабын жаңа ұйымда жалғастырады, деп хабарлайды Bassport.kz Informsports.kz-ке сілтеме жасап. 

Отандасымыз халықаралық ACB JJ (джиу-джитсу) лигасымен ресми келісімшартқа қол қойды. Тараптар арасындағы келісім төрт кездесуге есептелген. Жұмағұловтың жаңа лигадағы алғашқы айқасы 20 желтоқсан күні Дубай қаласында өтеді. Әзірге оның қарсыласының есімі құпия сақталып отыр. Бұл жаңалықты спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында өзі бөлісті.

– Ассалаумағалейкүм, баршаңызға сәлем! ACB JJ лигасымен төрт жекпе-жек өткізуге келісімшартқа отырдым. 20 желтоқсанда Дубайда алғашқы кездесуім өтеді. Қарсыласым да өте мықты спортшы. Күтіңіздер, - деді Жұмағұлов.

Еске сала кетейік, 21 қарашада Жалғас Жұмағұлов еуропалық Oktagon MMA промоушенімен ынтымақтастықты аяқтағанын мәлімдеп, аса жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуін босатқан еді.