Қайрат академиясының жарқылдаған жұлдыздары

ФК “Қайрат”
Қазақ футболының дамуына тұрақты түрде үлес қосып келе жатқан «Қайрат» академиясы бүгінде еліміздегі ең ірі әрі нәтижелі ойыншы тәрбиелейтін орталықтардың бірі.
Бұл академияның түлектері бүгінде тек Қазақстан Премьер-лигасында ғана емес, Чемпиондар лигасы алаңдарында да өздерін мойындатып жүр. Әсіресе биыл негізгі құрам сапында жарқ еткен бірнеше жас футболшы – қазақстандық футболдың жаңа буынының айқын көрінісі.
Төменде сол «Қайрат» академиясының жарқылдаған алты түлегіне жеке-жеке тоқталамыз.
Дастан Сәтпаев
Барлық тізімнің ең жас әрі ең жарқыраған жұлдызы – 17 жастағы Дастан Сәтпаев. Бүгінде ол «Қайраттың» үздік сұрмергені. Биылғы маусымда Сәтпаев Премьер-лигада 12 гол соғып, Чемпиондар лигасында тағы үш мәрте көзге түсті.
Шерхан Қалмырза
Александр Заруцкий мен Темірлан Анарбеков жарақат алған кезде 18 жастағы Шерхан Қалмырза «Ақтөбеге» қарсы ойында тұңғыш рет қақпаға тұрған еді. Сол дебютінде-ақ қақпасын «құрғақ» сақтап, бапкерлер мен жанкүйерлердің сеніміне ие болды. Бүгінде оның есебінде бес ресми ойын бар, соның ішінде Чемпиондар лигасындағы әйгілі «Спортинг» пен «Реалға» қарсы кездесулер де бар.
Темірлан Анарбеков
21 жастағы Темірлан Анарбеков – атыраулық қақпашы. Ол 2017 жылы «Қайрат» академиясына қабылданып, 2020 жылы алғаш рет негізгі құрам сапында алаңға шықты. Кейін «Жеңіс» клубында тәжірибе жинақтап, биыл Премьер-лигада сегіз матч өткізді. Оның төртеуінде қақпасын «құрғақ» сақтаған. Ал Чемпиондар лигасында «Селтикке» қарсы ойында Темірлан екі матч бойы қақпасын қорғап, пенальти сериясында үш соққыны қайтарып, нағыз қаһарманға айналды.
Дамир Қасабұлат
23 жастағы орталық қорғаушы Дамир Қасабұлат – «Қайраттың» сенімді тіректерінің бірі. Ол кәсіби мансабын 19 жасында Курбан Бердыевтің баптауында бастаған. Биылғы маусымда Қасабұлат Қазақстан Премьер-лигасында 21 ойын, ал Чемпиондар лигасында 9 кездесу өткізіп үлгерді.
Александр Мрынский
Актөбеде дүниеге келген Александр Мрынский 2019 жылы «Қайрат» академиясына қосылып, дәл осы жерде кәсіби футболдың әліппесін меңгерді. 21 жастағы жартылай қорғаушы 2023 жылы Кирилл Кекердің тұсында негізгі құрамда дебют жасап, биыл команданың ажырамас ойыншысына айналды. Мрынский Чемпиондар лигасының барлық матчында алаңға шығып, словениялық «Олимпия» қақпасына маңызды гол соқты. Сонымен қатар, Премьер-лигада 14 ойын өткізіп, үш нәтижелі пас берді.
Азамат Тұяқбаев
18 жастағы Азамат Тұяқбаев – «Қайрат» академиясының соңғы жылдардағы ең жарқыраған түлегінің бірі. Ол маусым басынан бері барлық деңгейде – QJ League-де, «Қайрат-Жастар» сапында және УЕФА жастар лигасында гол соғып келеді. Ең маңызды сәт – Премьер-лигада «Жетісу» қақпасына салған алғашқы добы. Бұл – оның таланты мен академия жүйесінің жемісін көрсеткен көрініс.
Рамазан Бағдат
18 жастағы Рамазан Бағдат биылғы маусымды Премьер-лиганың алғашқы турында «Астанаға» қарсы матчтан бастады. Ол 13 ойында бар-жоғы 279 минут ойнап, соның өзінде үш рет гол соқты. Бірінші лигада 10 ойында алты гол соғуы – оның мергендік қабілетінің айғағы. Сонымен қатар, ол Чемпиондар лигасының үш ойынына қатысты.
«Қайрат» академиясының жетістігі – жүйелі еңбектің, кәсіби көзқарастың және жастарға сенім артудың нақты нәтижесі. Бұл ойыншылар – клубтың ғана емес, жалпы қазақстандық футболдың келешегі.