Бокстан ҚР чемпионаты: боксшылардың әлеуеті мен жаңа есімдер

ҰОК
Қазақ боксы қашан да таланттарға кенде емес. Әр дода сайын жаңа есімдер жарқырап, ел мерейін үстем етіп келеді. Сол дәстүр биыл да жалғасын таппақ.
Қазақстанда жыл сайын өтетін ішкі чемпионат – жас жұлдыздардың бағын сынайтын басты алаңның бірі. Биылғы біріншілікті Семей қаласы қабылдайды. 14-21 қазан аралығында «Abai Arena» спорт кешенінде ел чемпионаты өтеді.
Жарысқа еліміздің 20 өңірінен үздік деген боксшылар жиналмақ. Алайда Ливерпульде өткен әлем чемпионатында жеңіске жеткен спортшылар бұл турнирге қатыспайды. Сол себепті Семей рингінде жаңа есімдердің жарқырап шығуына үлкен мүмкіндік бар.
Биылғы біріншіліктің басты ерекшелігі – World Boxing ұйымының жаңа ережелері мен салмақ дәрежелері бойынша өткізіледі. Бұл өзгеріс ұлттық құраманың халықаралық жүйеге бейімделуіне және Олимпиадалық форматқа жақындай түсуіне жол ашады.
Ерлер арасында 10 салмақ дәрежесі бойынша жекпе-жектер өтеді: 50, 55, 60, 65, 70, 75, 80, 85, 90 және +90 келі.
Әйелдер құрамасы да 10 түрлі салмақта бақ сынайды: 48, 51, 54, 57, 60, 65, 70, 75, 80 және +80 келі.
Қазақстанның World Boxing ұйымына қосылуымен кейбір салмақтар өзгеріске ұшырады. Мәселен, былтыр 48 келіде чемпион атанған Теміртас Жүсіпов енді 50 келіде жұдырықтасады. Ал 63,5 келінің үздігі Ертуған Зейнуллинов осы чемпионатта 65 келіде бақ сынайды. Ал әйелдер құрамасында айтарлықтай өзгеріс жоқ. Дегенмен 2024 жылы ел чемпионы атанған Назым Қызайбаймен Алуа Балқыбекова Семейдегі сыннан тыс қалады. Олардың орнын жас толқын басып, жаңа жұлдыздардың танылуы әбден мүмкін.
Осы тұста Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов жарыстың стратегиялық маңызын атап өтті:
“Біз 2026 жылға дейін мықты құрам қалыптастыруымыз керек. Себебі келесі жылы өтетін Азия ойындары – ел үшін аса маңызды сын. Сондықтан біз үздіктерді іріктеп, осы чемпионат арқылы ұлттық құраманың негізін анықтаймыз,” – деді ол.
Айта кетелік, Семейдегі ішкі біріншілік – ел боксының болашағын айқындайтын маңызды кезең. Сондықтан мұнда тәжірибелі боксшылар да, жаңа жұлдыздар да өз әлеуетін көрсетуге тырысады. Ал кімнің есімі ел чемпионатының тарихында алтын қәріппен жазыларын рингтегі айқастар көрсетпек.