Допинг үшін шеттетілген Азия чемпионы рингке қайта оралды
Sports.kz
Қазақстандық боксшы Абзал Серік допинг дауына байланысты алған шеттету мерзімі аяқталғаннан кейін алғаш рет шаршы алаңға шықты.
Қазір ол Түркістан қаласында өтіп жатқан Нұрмаханов атындағы турнирде 65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетуде. Абзалдың қазіргі бапкері — Ілияс Оралбеков. Айта кетейік, допинг дауына дейін боксшы Құрбан Ходжиевтің жетекшілігімен жаттыққан болатын.
Абзал Серік — Қазақстан боксының үздік өкілдерінің бірі. Ол үш дүркін Қазақстан чемпионы, жастар арасында Азия чемпионы (2021), жасөспірімдер арасында Азия чемпионы (2019), сондай-ақ 22 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері (2023) атанған.
2023 жылы Қазақстанның Ұлттық допингке қарсы орталығы Абзал Серіктің сынамасынан метастерон атты анаболикалық стероид анықтап, спортшыны уақытша жарыстардан шеттеткен еді. Оның шеттету мерзімі 2026 жылдың 7 сәуірінде аяқталды.
Қазіргі таңда Абзал Серік Қазақстан құрамасының көшбасшылары Махмұд және Төрехан Сабырханды жаттықтыратын Ілияс Оралбековтің қол астында дайындалуда. Тәжірибелі боксшының қайта оралуы 65 келі салмақ дәрежесіндегі бәсекені күшейте түспек.