Абылайхан Жүсіпов Азия ойындарындағы орнын Төрехан Сабырханға беруге дайын

Абылайхан Жүсіпов Азия ойындарындағы орнын Төрехан Сабырханға беруге дайын
Бокс

olympic.kz

Қазақстандық боксшы, IBA әлем чемпионы Абылайхан Жүсіпов 2026 жылғы Азия ойындарына қатысу үшін таласпайтынын айтып, бұл мүмкіндікті Төрехан Сабырханға беруге дайын екенін жеткізді.

Бұл туралы журналист Аслан Қаженов спортшымен болған әңгімесінен кейін мәлімдеді.

— Абылайханмен сөйлестім. Ол Азия ойындарына баруға таласпайтынын айтты. «Азиадаға бару үшін бәсекелеспеймін. Егер Төрехан барғысы келсе, бара берсін. Егер қажет болсам, шығамын» деді, — деп бөлісті Аслан Қаженов.

Сондай-ақ оның айтуынша, Абылайхан Жүсіпов пен Сәкен Бибосынов ұлттық құрама жігіттерін әуежайдан күтіп алған.

Айта кетейік, Абылайхан Жүсіповтің соңғы жарысы өткен жылдың желтоқсанында өткен IBA әлем чемпионаты болды. Онда ол 71 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде финалда ресейлік Сергей Колденковты төрешілердің 4:1 есебімен жеңіп, әлем чемпионы атанған еді.