«Қиын кезең мен жаңа үміт: Байсуфинов бастаған Қазақстан құрамасы Лихтенштейнді жеңе ала ма?»

«Қиын кезең мен жаңа үміт: Байсуфинов бастаған Қазақстан құрамасы Лихтенштейнді жеңе ала ма?»
Футбол

KFF

Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңін сәтсіз өткізіп келеді. Соңғы бес матчтың төртеуінде жеңіліс тапқан отандастар әзірге топтың төртінші сатысынан жоғары көтерілуге үміт арта алмай отыр. Соңғы сәтсіздік - Бельгия құрамасынан ойсырай ұтылған (0:6) кездесу – ұлттық құраманың бас бапкері Әли Әлиевтің кетуіне себеп болды.

Енді тізгін уақытша Талғат Байсуфиновтың қолына өтті. Ол бұған дейін де ұлттық құраманы басқарған тәжірибелі маман. Осы жолы Байсуфиновқа сеніп тапсырылған міндет – құраманы қайта жинап, жанкүйерлерге үміт отын сыйлау. Ал оның алғашқы сынағы – Лихтенштейнге қарсы ойын.

Бұл кездесу – ұзаққа созылған сәтсіз серияны бұзып, қазақстандық жанкүйерлерді қуантудың сирек мүмкіндігі. Себебі қарсыласымыз - Лихтенштейн құрамасы - қазіргі таңда Еуропадағы ең әлсіз командалардың бірі саналады. Олар бес тур бойы бірде-бір ұпай жинай алмай, 19 гол өткізіп алған.

Ал Қазақстан құрамасы соңғы 20 матчтың тек үшеуінде ғана жеңіске жеткен: Лихтенштейн (2:0), Кюрасао (2:0) және Түрікменстан (2:0) құрамаларына қарсы кездесулер. Ресми матчтардағы ең табысты нәтиже – Норвегиямен тең есеп (0:0).

Федерация қазіргі таңда поляк маманы Михал Пробежбен келіссөз жүргізіп жатқанымен, дәл осы сәтте команданы уақытша басқару Байсуфиновқа сеніп тапсырылды. Ол ойыншыларға жаңа серпін беріп, тактикалық тәртіп пен психологиялық тұрақтылықты қалпына келтіруге тырысуда.

Байсуфиновтың ықтимал тактикасы: шабуылда белсенді прессинг пен жылдам флангтық ойын. Осыған сәйкес, Қазақстан алаңға келесі құраммен шығуы мүмкін:

Сейсен – Әліп, Малый, Қасым – Астанов, Оразов, Қуат, Вороговский – Самородов, Шушеначев, Кенжебек.

Қонақтар сапында да жағдай мәз емес. Негізгі қорғаушысы Трабер жарақат алып, ойында болмайды. Лихтенштейн құрамасы әдеттегідей қорғанысқа ден қояды, ал олардың басты мақсаты – ірі есептен аман қалу. Құрамы келесідей болуы мүмкін:

Бюхель — Малин, Бек, Хофер — Вольфингер, Зеле, Люхингер, Хаслер, Геппель — Саглам, Люк-Нотаро.

Бұған дейінгі кездесуде Қазақстан қарсыласын сенімді түрде 2:0 есебімен ұтқан. Ол ойында біздің команда толық басымдық танытқан болатын: соққылар көрсеткіші 16:3, бұрыштама – 6:1.

Матчқа поляк төрешісі Павел Рачковски қазылық етеді. Ол Польша чемпионатында ең қатаң төрешілердің үштігіне енгенімен, ұлттық құрамалар арасындағы матчтарда сабырлырақ стиль ұстанады.

2024/25 маусымында 26 ойын өткізген;

орташа 4,7 сары қағаз көрсеткен;

8 пенальти белгілеген және 7 рет ойыншыны алаңнан қуған.

Иә, қазір Қазақстан құрамасы үшін бұл оңай кезең емес. Алайда, біздің құрама сырт алаңда айқын басымдық танытқан болатын. Ал бұл жолы өз алаңында өтетін кездесуде ойын тізгінін толық өз қолына алып, сенімді жеңіске жетеді деген үміт бар.

Күні: 10 қазан 2025 жыл

Өтетін орын: «Астана Арена», Астана қаласы

Басталу уақыты: 20:00