Футбол инфрақұрылымы: Отандық компаниялар қандай үлес қосып жатыр

Әрбір спорттың дамуы оның инфрақұрылымына тікелей байланысты. Кез келген спорт түрінен жақсы нәтиже көру үшін пирамиданы төменнен құру – барлық елде бар тәжірибе. Балалар мен жасөспірімдер спорты, қажетті жаттығу залы және қажетті инфрақұрылым. Күресте кілем, бокста былғары қолғап пен шаршы алаң, жеңіл атлетикада жүгіру жолақтары басты роль ойнайды. Ал футболдағы басты қару – сапалы жасыл алаң. Әлемнің атышулы стадионында доп теуіп жүрген әйгілі ойыншылар футболдағы алғашқы қадамын ауладағы шағын алаңқайларда бастағаны анық. Ендеше, қазақ футболшыларының іргетасы да кішігірім алаңдарда қаланбақ. Bassport.kz отандық футбол инфрақұрылымындағы оң жобаларға шолу жасап көрді.
Қазақтар футбол ойнай алады
«Қазақстанда футбол жоқ», «Қазақтар доп тебе алмайды» деген тұжырым бүгінге дейін салтанат құрып келгені рас. Алайда, ұлттық құраманың соңғы іріктеу кезеңіндегі нәтижесі талай жанның басындағы қасаң қағидаға нүкте қойды. Жанкүйерлер біздің ойыншылардың да алысқа баратынын, біздің команданың да айып алаңынан гол соғатынын, біздің жігіттердің де азулы құрамалармен өткен матчта камбэк жасай алатынын түсінді. Ұлттық құраманың Еуропаға жорығы талай баланы футболға жетелеп қана қоймай, елдегі жасыл алаңдарды жаңарту, стадиондарды қалыпқа келтіру, балалар мен жасөспірімдер футболын және төменгі лигаларды реттеу керектігін айқындап берді.
Осы орайда, Қазақстан футбол федерациясы «Алаң» бағдарламасын іске қосып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі күйі кеткен стадиондар мен ойын алаңдарын қайта жаңғыртуды бастап кетті. Бұл отандық футболда сіз бен біз асыға күткен жоба еді. «Алаң» жобасының басты мақсаты – бұқаралық футболды дамытып, футбол инфрақұрылымын қалыпқа келтіру.
Бұл бағдарламаны жүзеге асыруға жергілікті билік, қалталы демеушілерден бөлек, Еуропа футболын біріктірген УЕФА-ның өзі қолдау көрсетуде. Ал мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту туралы тапсырмасы жобаның жылдам әрі сапалы түрде атқарылуына тікелей әсерін тигізуде. Бағдарлама 2023-2024 жылдар аралығында ФИФА және УЕФА-ның қолдауымен жүзеге асырылуда. Оның аясында аймақтық атқару органдарына бұқаралық футболға арналған және бюджеті төмен футбол алаңдарының құрылысы үшін жасанды газон қайтарымсыз бөлінеді.
«Бағдарламаның негізгі мақсаты – балалар-жасөспірімдер және бұқаралық футболды дамыту әрі насихаттау жолында қызмет атқаратын аймақтарға қолдау көрсету. Ең алдымен халқы көп қоныстанған аймақтарда реновацияны қажет ететін футбол алаңдары енгізіледі. Жоба футбол алаңдарын қайта жандандырып қоймай, елімізде бұқаралық футболды дамытуға үлкен күш береді», - дейді ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов.
Сонымен, «Алаң» арқылы қандай алаңдар жөндеуден өтті? 2023 жылы басталған жоба бір жылға қойған жоспарын толығымен атқарып шықты. Қазақстан футбол федерациясының жетекшілігімен жасалып жатқан іс-шаралар бүгінде жемісін беріп, ел аймақтарындағы жаңарған стадионда доп теуіп жүрген ойыншылар санында шек жоқ. Бағдарлама жоспарына сәйкес, былтыр еліміздің төрт қаласындағы стадиондар жөндеуден өтіп, жаңа жабындылар төселді.
Атап айтар болсақ, Алматы, Шымкент, Ақтөбе қалалары және Жетісу облысындағы стадиондарының алаңдары толығымен жаңартылды. Бүгінде Ақтөбедегі №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, Шымкенттегі «Цементник», Алматыдағы «ЦСКА», Жетісу облысындағы Б. Оңғаров атындағы стадиондар толығымен жаңарып, кейбірі қайта жөндеуден өтіп, жас футболшылардың алаңсыз жаттығуы үшін жұмыс істеп тұр. Былтыр Қазақстан футбол федерациясының «Алаң» бағдарламасы бойынша Ақтөбедегі стадион алғаш болып жаңартылды.
Қайта жаңғырған алаңның ашылу салтанатына Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев және Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуовтер қатысып, түрлі жас санатындағы ойыншылар арасында футбол фестивалі өтті.
Аталған жобаға басты жауапты тұлға Сергей Поповтың айтуынша, биыл бағдарлама аясында 9 стадионның алаңын жаңарту жоспарда тұр.
«Бұл бағдарлама үш жылға жоспарланған. Осы уақыт аралығында біз еліміздің барлық аймағындағы футбол алаңдарын қамтып, жаңартуды жоспарлап отырмыз. Былтыр елдегі төрт стадионның алаңы жаңартылды. Жетісу облысындағы Б. Оңғаров атындағы стадионды қайтадан салып шықтық десек, артық емес. Себебі, мұнда алаң ғана емес, стадионның құрылысы әбден ескірген екен. Дренажды жүйе орнатып, стадионның қанаттарын ретке келтірдік, су жаңа алаң төсеп бердік. Бүгінде біз жөндеуден өткізіп, алаң төсеген стадиондарда футболшылар алаңсыз ойнап жүр. Ел чемпионатының бірінші және екінші лигаларындағы командалар да матчтарын өткізіп жатыр. Бұл бізді ерекше қуантады. Енді осы қарқынмен биыл 9, келесі жылы 7 стадионды жаңғыртуды көздеп отырмыз. Біздің жұмысымыз да, стадионға төсейтін газон да өте сапалы. Алаңға жабатын төсеніштерді Италиядан арнайы алдыртамыз. Алюминийден жасалған қақпалар орнатамыз», - дейді жобаға жауапты маман Сергей Попов.
Бүгінде жаңарған алаңда доп теуіп жүрген ойыншылар жетерлік және олар да алаң сапасының жоғарылығын ерекше атап өтуде. Мәселен, QFL екінші лигасында өнер көрсететін «Ордабасы Ж» клубының ойыншысы Абылайхан Рахматулла алаңның бұрынғы және қазіргі қалпының арасы жер мен көктей екенін айтады.
«Цементник» стадионында 2017 жылдан бері доп тебемін. Бұрынғы алаңның жағдайын сөзбен айту мүмкін емес. Доп тебу мүмкін емес еді. Енді, міне, жаңарған алаңда ойнай бастадық. Алаң өте жұмсақ, футболға ыңғайлы. Жеңіске жетуге де үлкен септігін тигізеді. Жаңа қақпалар, жаңа тор орнатып берді. Осы игі істері үшін Қазақстан футбол федерациясы мен «Алаң» жобасына алғыс айтамыз», - дейді жас ойыншы Рахматулла.
«Алаң» мұнымен тоқтап қалмайды. Елдегі алаңдардың сапасына алаңдайтын жоба әлі екі жыл бойы ескірген стадиондардың жаңа тынысын ашпақ.
Ірі компаниялардың үлесі
Бүгінде көптеген ірі компаниялар мен меценаттар футбол инфрақұрылымын қолға алып, әлемдегі нөмірі бірінші спорт түрін дамытуға күш салып жатыр. Әсіресе, балалар футболы мен бұқаралық спортты дамытуды алып компаниялар да қолға алды. Солардың қатарында inDrive компаниясы да бар. Supernovas жобасы тікелей аталған ұйымның демеушілігімен жүзеге асырылуда. Осы орайда, жобаның халықаралық сипатта екенін атап өткен жөн.
Supernovas жобасының басты мақсаты – аймақтардағы жергілікті балаларды футболға бейімдеу, оларға ойын әліппесін үйрететін ерікті бапкерлердің басын қосып, жас спортшылардың футболдағы дағдыларын арттыруға жағдай жасау. Жақында Supernovas халықаралық жобасы барысында Қазақстан бойынша балаларға арналған тегін футбол секцияларын ашуға өтінім қабылдау аяқталды. Жоба барысында еліміздің әр түкпірінен 275 өтінім түсті. inDrive бастамасымен қолға алынған Supernovas коммерциялық емес футбол жобасы елдегі бұқаралық балалар спортын дамытуға бағытталған.
Соңғы екі жылда жоба аясында 9 футбол үйірмесі ашылып, 600-ден астам бала футбол әліппесін үйренген. Бұл бағдарлама бойынша, балаларға тегін футбол үйретуді көздеп, тегін үйірме ашқысы келетін әрбір адам өтінім бере алады.
inDrive компаниясының басты мақсаты да осы - әлеуметтік теңсіздіктерді жойып, бұқаралық спорттың әлеуметтік лифтіге айналуына үлес қосу. Бұл жоба балалардан кәсіби әрі танымал футболшыларды шығаруды мақсат етпейді. Мұндағы негізгі міндет – балалар мен жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, ойыннан ләззат алуға шақыру.
Сондай-ақ, балалардың жайлы әрі қауіпсіз ортада қарым-қатынас жасауына жол ашу. Бүгінде аталған жоба бойынша еліміздің 9 облысында футбол үйірмелері ашылды. Атап айтар болсақ, Жәнібек (БҚО), Зеренді (Ақмола облысы), Ұлытау (Ұлытау облысы) және Алтай (ШҚО), Благовещенка (СҚО), Талғар (Алматы облысы), Шалқар (ШҚО) Ақтөбе облысы) , Ынтымақ (Түркістан облысы) аудандары мен Форт-Шевченко (Маңғыстау облысы) қалаларында жұмыс істейді.
Halyk қайырымдылық қоры да «Ауыл футбол» жобасына ерекше қолдау көрсетіп келеді. Бұл жобаның басты мақсаты – еліміздің ауыл-аймақтарында тұратын балалар арасында футболды дамыту. Серік Мәмбетовтің бастамасымен төрт жыл бұрын құрылған жоба бүгінде еліміздің барлық аймағын қамтыған. Жоба мемлекеттен ақша алмайды, тек қана ірі компаниялардың қолдауымен түрлі турнирлер өткізіп, ауыл балаларының футболға деген қызығушылығын оятуда.
Қазіргі таңда Halyk қайырымдылық қорының қолдауымен балалар арасындағы Halyk Open Cup турнирі тұрақты түрде өткізіліп келеді. Halyk Open Cup турнирі өткеннен кейін «АуылФутбол» жобасы ауылдардағы балалар командалары арасында бұрынғыдан да танымал бола түсті. Турнирден кейінгі үш ай ішінде жобаға қатысушы командалар саны 35 пайызға, яғни 24-тен 32 командаға дейін өскен.
Одан бөлек, былтыр Қостанай облысының Жітіқара ауданында жаңа футбол алаңы ашылды. «Комаров тау-кен кәсіпорынының» тікелей демеушілігімен бой көтерген стадионға 158 млн теңге қаражат кетті. Алаң жасанды төсенішпен қапталған, сондай-ақ, электронды табло қойылып, жарықтандыру жүйесі жақсарды. Жергілікті стадионға «Жігер» атауы берілген.
Жақында Түркістан облысында тағы бір су жаңа стадион бой көтерді. Белгілі меценат Жармахан Тұяқбайдың қолдауымен салынған стадион Қазығұрт ауданында орналасқан. 65 млн теңгеге табиғи көгал төселіп, жүгіру алаңдары мен көрермендерге арналған аймақ, футбол алаңының аумағын қоршау жұмыстары жүргізілді. Демеуші азамат алдағы уақытта арнайы киіну, жуыну бөлмелері мен басқа да заманға сай жабдықтармен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.