"Барселона" осы маусымда "Реалды" төрт класиконың төртеуінде де жеңді. Ондай жағдай тарихта мүлдем болмаған

Getty Images
Испания Ла Лигасының 35-турында «Барселона» мен «Реал» жанкүйерлерге нағыз футбол қойылымын сыйлады — екі команда жеті гол соғып, есеп 4:3 болып аяқталды. Карло Анчелоттидің командасы үшін бұл матчта чемпиондық тартысты жалғастыруға тамаша мүмкіндік болған еді: жеңіске жетсе, «Барсамен» арадағы ұпай айырмашылығы бір ғана балға дейін қысқарар еді. Алайда бұл жеңіліс «Реалдың» чемпиондыққа таласын іс жүзінде тоқтатты.
Ал матч басында бәрі мадридтіктердің пайдасына шешілді: 15-минутқа дейін Килиан Мбаппе дубль жасап үлгерді — алдымен пенальтиден, кейін тамаша қарсы шабуылдан кейін гол соқты. Бірақ «Барселона» бұл соққылардан есін тез жиды. 19-минутта Эрик Гарсия қорғаушылардың тасасынан шығып, баспен Куртуаның қолының астынан есепті қысқартты.
Осы сәттен бастап «Барса» шабуылға жиі шығып, Ламин Ямаль мен Рафиньяның белсенділігімен көзге түсті. 32-минутта Ямаль алыс бұрышқа әдемі соққы жасап, есепті теңестірсе, екі минуттан кейін Рафинья айып алаңына кіріп, төменгі бұрышқа дәл соққы жасады. Бірінші тайм соңына таман Рафинья дубль авторына айналды — бұл жолы ол Ферран Торрестің пасынан кейін жақын қашықтықтан Куртуа қақпасын дәл көздеді.
Екінші таймда Ламин Ямаль да дубль жасағысы келген, бірақ оның голын VAR қарап, офсайд тіркеді.
70-минутта «Реал» тағы да қарсы шабуыл ұйымдастырып, Мбаппе хет-трик жасады. Бұл гол «Реалға» үміт сыйлағандай болды. Алайда одан артыққа мадридтіктердің шамасы жетпеді. Қосымша минуттарда Мбаппе покер жасай жаздады, бірақ тағы да офсайдқа түсіп қалды.
Матч соңында Фермин Лопес туған күнінде гол соғуға жақын болды, алайда оның голы VAR арқылы қолмен ойнағаны үшін есепке алынбады.
Осы жеңістен кейін «Барселона» «Реалдан» 7 ұпайға ұзап, маусымда төртінші рет мәңгілік қарсыласын жеңіп отыр. Бұл — класико тарихындағы бір маусымда бір команда екінші команданы төрт рет жеңген алғашқы жағдай. Бұған дейін «Реал» ешқашан бір маусымда бір қарсыласына төрт рет жеңілмеген. Бұл ойын — соңғы он жылдағы Ла Лигадағы ең нәтижелі класико. 2014 жылы да «Барса» дәл осындай есеппен 4:3 жеңген еді. Сонымен қатар, бұл жеңістен кейін «Барселона» класико жеңістері бойынша «Реалға» барынша жақындады: енді есеп 105:104, тағы 52 матч тең аяқталған.