Әлихан Өмірбеков: «Әрдайым тәуекелге бел буу керек»
«Барыс» ХК
Бүгін «Барыс» өз айдынында мәскеулік «Спартакты» қабылдап, қатарынан алтыншы мәрте жеңіліс тапты. Команда екінші кезеңде өз қақпасына өз шайба жібергенімен, үшінші жиырма минуттықта есеп айырмасын бір голға дейін қысқарта білді. «Спартак» қақпасына соғылған екі шайбаның бірінің авторы – Әлихан Өмірбеков. Әрі шабуылшы әріптесі Антон Бурдасовқа нәтижелі пас берді.
Ойыннан кейін астаналық «Барыстың» қазіргі таңдағы үздік сұрмергені BasSport.kz тілшісіне сұхбат берді.
- Қарсылас өз мүмкіндіктерін қолдана білді. Біздің шайба соғатын мүмкіндігіміз көптеу болды деп те айта аламын. Тек жүзеге асыра алмадық.
- Екінші кезеңде қарсыласқа қарағанда көп соққы жасадық, ал үшін жиырма минуттықта одан да белсендірек ойнай бастағандай көрінді.
- Бапкерлер ойынымызға түзетулер енгізді, жылдамырақ ойнауымыз керектігін айтты. Ал біз тапсырманы орындауға тырыстық.
- Бүгінгі матчтағы қос шайбаны сіздің үштік соқты. Антон Бурдасовтың голынан кейін команданың екінші тынысы ашылғандай болды.
- Иә, әр гол позитив сыйлайды, команда серпіліп, қақпаға қарай ұмтылысын арттыра түседі.
- Ұзақ уақыт бойы Әлихан Әсетовпен және Кирилл Панюковпен бір үштікте ойнадыңыздар. Соңғы екі ойында Кириллдің орнын Антон Бурдасов басты. Бурдасовпен бір үштікте ойнау қалай?
- Онымен бір үштікте ойнау керемет, Кириллмен де жақсы ойын өрнегін көрсеттік. Әрине, екеуінің ойын стильдерінде айырмашылық бар. Антон Бурдасовқа пас берсең жеткілікті, ол гол соғады.
- Маусым басталғанда команданың көшбасшы ойыншысы болам деп ойламаған шығарсың? Жауапкершілік сезіле ме?
- Бұл туралы ойламай, тек өз ойынымды көрсетуге тырысамын.
- Сырт айдындағы ойындар сәтсіз өтті. Үш матч – бір ғана гол. Командаға не жетіспейді?
- Қақпа алдында агрессия, табандылық көрсету керек. Мүмкіндік көп, соққы жасалған болса, сол бағытқа қарай барып, шайба соғу қажет.
- Қақпашыны алтыншы ойыншыға алмастыру командаға нәтиже әкелер емес. Әр кез сайын қарсылас бос қақпаға гол соғады. Бұл тәуекелге бел буу ма?
- Әрдайым тәуекелге бару керек. Гол соғуға талпыну қажет. Мұз айдында бір ойыншының артық екендігі бірден сезіледі, өзің үшін де, әріптесің үшін де шайба соғатын жағдай жасай аласың.