Түркістан облысының әкімі Азия чемпиондарына құрмет көрсетті

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров халықаралық жарыстарда ел абыройын асқақтатқан Азия чемпиондарын қабылдап, арнайы марапаттады.
Соңғы айда облыс спортшылары айрықша жетістіктерге жетті. Атап айтқанда, Шри-Ланканың Коломбо қаласында жастар арасында өткен Азия чемпионатында 8 алтын медаль, Қытайда өткен ескек есуден Азия чемпионатында 3 алтын, ал Астанада өткен пара дзюдодан әлем чемпионатында 2 алтын медаль иеленді.
– Сіздер Қазақстанның көк байрағын биікте желбіретіп, Түркістанның мерейін үстем еттіңіздер. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың спортты қолдау жөніндегі тапсырмасының орындалып жатқанын айғақтайды. Бүгінде өңірде 2024 жылы 73 спорт нысаны пайдалануға берілді, 2025 жылы тағы 51 нысан іске қосылады. Біз сіздердің әр жеңістеріңізді жоғары бағалаймыз және толық қолдау көрсетеміз, – деді өңір басшысы.
Кездесу барысында спортшыларға қаржылай сыйақы табысталды.
Шарада бокстан ұлттық құраманың аға бапкері Мырзағали Айтжанов, Азия чемпионы Шұғыла Нәлібай және ескек есуден Азия чемпионы Артём Терещенко сөз сөйлеп, көрсетілген қолдау үшін облыс әкімдігіне алғыстарын білдірді.
Айта кетейік, Түркістан облысында спорт саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда облыс орталығында халықаралық стандартқа сай атшабар мен ескек есу каналының құрылысы жүргізілуде.