«Бір жылға жетерлік табыс». Экс-UFC чемпионы Қазақстандағы жекпе-жек гонорары туралы пікір білдірді

Жекпе-жек
СЭ
АҚШ-тан келген аралас жекпе-жек шебері, UFC-дің екі салмақ дәрежесіндегі бұрынғы чемпионы Генри Сехудо (16-5) Астанада өткен Alash Pride FC 108 турниріндегі жекпе-жек гонорары туралы ойын бөлісті, деп хабарлайды Bassport.kz.
Еске салайық, грэпплинг ережелері бойынша өткен кездесуде Сехудоның қарсыласы - ONE Championship тұжырымының бұрынғы чемпионы, Қазақстанның үздік файтерлерінің бірі Қайрат Ахметов (27-2) болды. Жекпе-жек америкалық спортшының пайдасына 8:5 есебімен аяқталды.
Жекпе-жектен кейін Сехудо Pound 4 Pound подкастында Қазақстанға сапары мен жекпе-жекке қатысу шешімі туралы әсерімен бөлісті:
- Шынымды айтсам, мен жай ғана шараға қатысу үшін келдім. Бірақ маған: «Генри, өтінеміз, жекпе-жекке шық», – деді. Бастапқыда келіспей қойдым: көзім толық жазылған жоқ, бабымда емеспін дедім. Бірақ маған ұсынылған соманы көргенде, бірден келістім, – дейді Сехудо.
- Қанша алғанымды тіпті айтқым да келмейді. Бұл - өте үлкен ақша. Маған соншама сыйлықтар берілді, бір жыл бойы еш алаңсыз өмір сүруге жетеді. Барлығы жоғары деңгейде өтті, - деп түйіндеді UFC ұйымының спортшысы.