Бұрынғы курьер Ертуған Зейнуллинов қарсыласын екі рет нокдаунға жіберіп, ширек финалға жолдама алды

Бұрынғы курьер Ертуған Зейнуллинов қарсыласын екі рет нокдаунға жіберіп, ширек финалға жолдама алды
Бокс

Sport Plus Qazaqstan

Астанада өтіп жатқан бокстан World Boxing әлем кубогында Қазақстан құрамасының мүшесі Ертуған Зейнуллинов алғашқы кездесуінде жарқын жеңіске жетті.

65 келі салмақ дәрежесінде өткен 1/8 финалдық жекпе-жекте ол Түркия боксшысы Ахмет Пекелмен кездесіп, төрешілердің бір ауыздан шығарған шешімімен 5:0 есебінде жеңіске жетті. Екінші және үшінші раундтарда Пекел екі рет нокдаунға түсті.

Осылайша, Ертуған Зейнуллинов жарыстың ширек финалына шықты.

Айта кетейік, ол — жастар арасында Азия чемпионатының қола жүлдегері, студенттер арасындағы әлем чемпионы және Қазақстан чемпионы. Бұған дейін ұлттық чемпионатта жеңіске жеткеннен кейін берген сұхбатында Ертуған спорттағы жолын жалғастырумен қатар курьер болып жұмыс істегенін айтқан болатын.