Шавкат Рахмонов ұзақ үзілістен кейін UFC-дегі орнын жоғалтып алуы мүмкін

Шавкат Рахмонов ұзақ үзілістен кейін UFC-дегі орнын жоғалтып алуы мүмкін
Жекпе-жек

Tengri Sport

Қазақстандық файтер, жартылай орта салмақта UFC рейтингінде үшінші орында тұрған Шавкат Рахмоновтың титулдық жекпе-жекті ұзақ күтуі оның мансабына кері әсер етуі мүмкін. Бұл туралы Bassport.kz Bloodyelbow.com басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Журналист Кайл Даймондтың мәліметінше, Рахмоновтың желтоқсан айынан бері октагонға шықпауы және Джек Делла Маддалена мен Ислам Махачев арасындағы титулдық кездесу нәтижесін күтуді жөн көруі белгілі бір қауіптерге әкелуі ықтимал.

«Егер Джек Делла Маддалена мен Ислам Махачев жақын арада кездессе, Шавкатқа чемпионмен жекпе-жек мүмкіндігі берілуі әбден мүмкін. Алайда Рахмонов ұзақ уақыт жекпе-жек өткізбесе, басқа үміткерлер алға шығып кетуі ықтимал.
Мысалы, Шон Брэди өзіне лайық қарсылас күтіп отыр. Рейтингтегі екінші орын иесінің алдағы кездесуі Рахмонов үшін шешуші сәтке айналуы мүмкін», — деп жазады басылым.

Сарапшының пікірінше, UFC басшылығы Рахмоновқа титулдық мүмкіндік беруді жоспарлап отырған болуы да мүмкін. Алайда ұзаққа созылған әрекетсіздік бұл жоспарды бұзуы ықтимал.