WBO Жәнібек Әлімханұлының жоспарларын бұзуы мүмкін

WBO Жәнібек Әлімханұлының жоспарларын бұзуы мүмкін
Бокс

Vesti.kz

Орта салмақта (72,6 кг дейін) өнер көрсететін қазақстандық әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының (17-0, 12 КО) келесі қарсыласы туралы жоспарларына тосқауыл қойылуы мүмкін, деп хабарлайды Bassport.kz Vringe.com порталына сілтеме жасап.

WBO (Бүкіләлемдік бокс ұйымы) ұйымы таяу күндері британдық Дензел Бентли (21-3-1, 17 КО) мен венесуэлалық Эндри Сааведра (17-1-1, 14 КО) арасындағы үміткерлік жекпе-жекті ресми түрде бекітпек. Бұл кездесу жеңімпазына Жәнібекпен чемпиондық белбеу үшін міндетті жекпе-жекке жол ашады.

Айта кетейік, Бентли 2022 жылы Жәнібекпен титул үшін жекпе-жек өткізіп, толық раундқа созылған айқаста төрешілер шешімімен жеңіліс тапқан болатын. Алайда қазір ол Сааведрамен айқасуға толық дайын екенін мәлімдеп, реваншқа ниетті екенін жасырмайды.

— Сааведраға назар аудара бастадым, себебі WBO интернационал белбеуін жоғалтқанымды білдім. Оның соңғы кездесуінде осы титулды жеңіп алғанын көріп, WBO рейтингінде екінші орынға көтерілгенін байқадым. Бұрын бұл орында Шейн Мосли-жас тұрған, сол себепті финалдық элиминаторды онымен өткіземін деп ойлағанмын. Бірақ WBO бұл жекпе-жекті санкциялаған жоқ. Енді Сааведрамен жекпе-жек шынайы көрінеді. Егер мен жеңсем, міндетті үміткер атанып, Жәнібек менімен қайта жұдырықтасуға мәжбүр болады, — деді Бентли.

Қазіргі таңда Дензел Бентли үш жеңістен тұратын жеңісті сериясын жалғастырып келеді, ал Сааведра 2022 жылғы жалғыз жеңілістен кейін төрт жекпе-жекте жеңіске жетіп, біреуін тең нәтижемен аяқтаған.

Еске салайық, Жәнібек Әлімханұлы қазіргі уақытта WBC чемпионы Карлос Адамеспен белбеулерді біріктіру жекпе-жегін ұйымдастыруды көздеп отыр. Алайда WBO шешімі бұл жоспарға кедергі келтіруі мүмкін.