Баходир Джалолов әлемдік бокста теріс мысал ретінде аталды

Баходир Джалолов әлемдік бокста теріс мысал ретінде аталды
Бокс

Offside.kz

Ұлыбританиялық бокс шолушысы, жаттықтырушы әрі менеджер Тейлор О’Хиггинс өзбекстандық аса ауыр салмақтағы Баходир Джалоловты (15-0, 14 KO) кәсіби және әуесқой боксты қатар алып жүрудің теріс үлгісі ретінде атады, деп хабарлайды Bassport.kz.

«Мен кәсіби боксшылардың әуесқой жарыстарға қатысуына түбегейлі қарсы емеспін. Бірақ бұл тәсілдің шектеулері болуы тиіс. Көптеген жекпе-жек өткізгеннен кейін, боксшы әуесқой деңгейде өнер көрсетуді доғаруы қажет. Гибридті карьералар кәсіби мансаптың дамуын тежейді, ал мұны біз Джалолов секілді боксшылардың мысалынан көріп отырмыз», — деп жазды О’Хиггинс әлеуметтік желідегі парақшасында.

Айта кетейік, Баходир Джалолов өткен жазда екінші мәрте Олимпиада чемпионы атанып, кейін тек кәсіби бокстағы мансабына толық назар аударатынын мәлімдеген болатын.

Келесі жекпе-жегін Джалолов 26 шілде күні Нью-Йорктегі Madison Square Garden Theater аренасында өткізеді. Оның қарсыласы — италиялық Джанмарко Кардилло (12-1-2, 2 KO).

О’Хиггинстің айтуынша, Джалоловтың мансап жолы басқа талантты спортшылар үшін ескерту мен сабақ болуы керек.