Кезекті жекпе-жегі өтпейтін болды: Бек Нұрмағанбет жанкүйерлерін ренжітті

Sport Plus Qazaqstan
Жеңіліп көрмеген қазақстандық боксшы Бек Нұрмағанбет (14-0, 12 KO) Мексикада өтеді деп жоспарланған жекпе-жегінің өтпейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Bassport.kz.
BoxRec.com сайтының мәліметінше, Нұрмағанбет 12 шілде күні Кулиакан қаласында жергілікті боксшы Хавьер Каррера Тинахеромен (15-13, 12 KO) жұдырықтасуы тиіс болған. Алайда спортшы Instagram парақшасы арқылы кездесудің өтпейтінін хабарлады. Бек нақты себептерді атаған жоқ, тек «бәрі сіз біз ойлағандай оңай емес» деген жазумен шектелді.
Бұл — Нұрмағанбет үшін қатарынан екінші рет жекпе-жектің өтпей қалуы. Бұған дейін 25 мамыр күні АҚШ-тың Сан-Диего қаласында өтеді деп жоспарланған кездесуі де болмай қалған еді. Ол кезде қарсылас — гондурастық Карлос Фидель Гуйти Миранда (7-2, 3 KO) болатын.
Айта кетейік, Бек Нұрмағанбет соңғы рет 6 сәуірде АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы Филадельфия қаласында шаршы алаңға шықты. Ол кезде қазақстандық боксшы костарикалық Энкарнасьон Диасты (20-6, 11 KO) бірінші раундта нокаутпен жеңген.