Шавкат Рахмоновтың шешімі UFC сарапшысын таңғалдырды

Жекпе-жек
Жайық Пресс
Fight Nights промоушенының президенті Камил Гаджиев UFC жартылай орта салмақтағы қазақстандық жұлдыз Шавкат Рахмоновтың мәлімдемесіне пікір білдірді, деп хабарлайды Bassport.kz.
Рахмонов жақында ғана аралық жекпе-жектерге шықпай, тікелей чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасқысы келетінін мәлімдеген болатын. Ол өзіне қарсылас ретінде Джек Делла Маддалена мен Ислам Махачев арасындағы жекпе-жектің жеңімпазын қалайтынын ашық айтты.
— Бұл – Шавкаттың тарапынан логикалық әрі орынды мәлімдеме. Өйткені сен белбеу жекпе-жегіне бір қадам қалғанда, басқа қарсылас іздеу тіпті оғаш көрінуі мүмкін. Басқа мәселе – Дана Уайттың сөзі. Егер Махачев жеңсе, ол Топуриямен кездеседі дейді. Ал егер Маддалена жеңсе, онда Маддалена мен Шавкат арасындағы кездесу қызықты болары сөзсіз, – деді Гаджиев өзінің YouTube-арнасындағы «Апта қорытындысы» бағдарламасында.
Айта кетейік, Шавкат Рахмонов соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың желтоқсанында өткізіп, ирландиялық Иэн Гэрриді төрешілердің бірауыздан шыққан шешімімен жеңген болатын. Қазіргі таңда ол UFC рейтингінде жартылай орта салмақтағы үшінші орынға ие.