«Челси» Дастан Сатпаевты жалға бермек

Футбол
“Қайрат” ФК
Лондондық «Челси» клубына ауысуы жоспарланған қазақстандық шабуылшы Дастан Сатпаев алғашқы маусымын жалға беру келісімі арқылы өткізуі мүмкін, деп хабарлайды Bassport.kz.
Ресейлік журналист Кирилл Бельский «Nobel» YouTube-арнасына берген сұхбатында жас футболшының ағылшын клубындағы перспективалары туралы пікір білдірді.
– Үлкен ықтималдықпен, алдымен жалға беру болады, себебі бірден «Челсиде» орнығу қиын. Қазірдің өзінде кем дегенде екі шабуылшы бар. Шынымды айтсам, жағдай мінсіз емес, өйткені екеуі де әлі толық қалыптаспаған. Дастан оларға бәсекелес бола алар еді. Дегенмен бірінші жылы Франция чемпионатында шыңдалып алу жаман нұсқа емес. Оның үстіне, «Страсбур» ойыншыларды өз жүйесіне жақсы бейімдеп, кейін «Челси» үшін дамытатынын көрсетті, – деді Бельский.
Айта кетейік, 17 жастағы Сатпаев бір жылдан кейін 18-ге толғанда «Челсимен» толыққанды келісімшартқа отырады. Жас ойыншының трансферлік құны қазірдің өзінде 4 миллион фунт шамасында бағаланып отыр.